"Үкіметтің ақшасына оқыдың ғой, қашан қайтарасың?": Айгүл Иманбаева "Болашақ" бағдарламасына қатысты сұраққа жауап берді
Фото: https://www.instagram.com/aigul_imanbayeva/
Танымал әнші Айгүл Иманбаева шетелдегі оқуына байланысты оқырман мазалаған сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгінде өнер иесі төрт түрлі мамандықты игерген. Айтуынша, қазір төрт дипломы бар. Оның екеуі өнерге қатысты болса, бірі кәсіпкерлікке байланысты екен.
Алайда актриса осы күнге дейін өнер саласында көп еңбек еткенін жасырмады. Өнерден табыс тауып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар жеке мектебін ашып, қазір өзін кәсіпкерлік қырынан да көрсетіп жүр. Ал төртінші дипломын "Мәдениетті басқару" мамандығы бойынша алған. "Болашақ" бағдарламасымен Лондонда оқып, елге оралды.
"Мәдениетті басқару дегенде міндетті түрде әкім, министр болу міндетті емес. Оқырмандарымның арасынан "Үкіметтің ақшасына оқыдың, қашан қайтарасың? Жұмыс істемейсің бе?" дейтіндер бар. Мен жұмыс істеп жүрмін, басқарып жүрмін. Өнердегі жұмыстарым осыған келеді", – деп жауап берді актриса.
Айта кетейік журналист Гүлбану Әбенова әншіні “Бір жыл бойы Лондонда дүкен аралап жүрді” деп сынаған еді.
“50 жасар “Болашақ” студентіміз елге оралды. Ол бір жыл бойы дүкен аралап, шоппинг жасап келді. Мұны Instagram парақшасынан көріп отырдық. Ағылшындардың арт-менеджменті туралы бірде-бір пост жариялауға шамасы келмеді. Тұманды Альбиондағы бір жыл демалысы үшін кімге алғыс айтады?! ”, – деп жазған еді БАҚ өкілі.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
