Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін үкіметте есірткіге қарсы штаб құрылды

Олжас Бектенов - премьер-министрФото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен Нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет таратқан мәлімет бойынша, штабқа премьер-министр басшылық етеді, басшының орынбасарлары ретінде премьер-министрдің орынбасары және ішкі істер министрі айқындалды.

"Штабтың негізгі міндеті болып мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы тұру жөніндегі іс-қимылын үйлестіру, алдын алу шаралары кешенін іске асыру бойынша тиімді тәсілдер әзірлеу, есірткіге тәуелді адамдардың профилактикасын, емін және оңалту жүйесін жетілдіру жұмыстары айқындалды", – делінген хабарламада.

Штаб құрамына Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, сондай-ақ бірқатар жауапты министрлік басшылары енді.

Премьер-министрдің өкімімен облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік штабтар құру да көзделген.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 08:22
Талқылау