UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мұхаммад Шавкат Рахмоновпен жекпе-жекті қашан өткізгісі келетінін айтты
UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы, америкалық жауынгер Белал Мұхаммад дивизионда екінші орында тұрған қазақстандық Шавкат Рахмоновпен жекпе-жек қашан өткізгісі келетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Zuffa LLC / Getty
"Менің ойымша, Рамазан айынан кейін бірден жекпе-жекті ұйымдастыруға болады. Мамыр-маусым айларында көрерменге шоу сыйласақ тамаша болар еді. Мен өткен аптада Вегастағы жігіттермен қайта жаттыға бастадым. Бұл менің денем үшін жақсы серпіліс болды. "Бәрі жақсы, біз ең жақсы формаға келуіміз керек" деген ойға жетеледі. Сондықтан маған тоқтамай жаттығу жасау қажет. Мен PI-де (UFC Performance Institute) болдым. Онда күн сайын терапиядан өттім, сондықтан денем ақырындап бұрынғы қалпына келіп жатыр ", — деді Мұхаммад MMA Junkie-ге берген сұхбатында.
Белал Мұхаммед аралас жекпе-жектегі спорттық карьерасында осыған дейін 28 жекпе-жек өткізіп, соның 24-інде жеңіске жетті. 3 кездесуде жеңіліске ұшыраса, 1 жекпе-жегі өтпеді деп танылды. Америкалық спортшы UFC-де 19 рет өнер көрсетті.
"Біз өз стратегиямызды және жекпе-жек алдындағы жоспарымызды қарастырып жатырмыз. Шавкат осыған дейін мендей мықтымен жекпе-жекке шықпаған деп ойлаймын. Мен сияқты жауынгерлермен шайқасқан жігіттер көп емес. Ол маған қарсы торға шыққанда, бәрінің мүлде басқаша екенін, басқа деңгейлер бар екенін түсінеді. Мен бүкіл әлемге неге әлемдегі ең үздік жартылай орта салмақ жауынгері екенімді көрсетемін", – деді Белал өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, Шавкат Рахмонов пен Белал Мұхаммад арасындағы жекпе-жек 2024 жылдың желтоқсан айында жоспарланған болатын, бірақ сол кезде Белал аяқ сүйегінің инфекциясына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Ал Шавкат оның орнына Иэн Гэрримен жұдырықтасып, оны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.
Шавкат Рахмонов кәсіпқой карьерасында әзірге 19 жекпе-жек өткізді. Оның 18-де кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Отандасымыз UFC-де 7 кездесу өткізді. Қазіргі уақытта Шавкат лиганың рейтингінде жартылай орта салмақта екінші орында келеді. Бұл салмақтағы UFC титулы Белал Мұхаммедте.