Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорданың 57 жастағы тұрғыны университетте білім алып, жаңа мамандық меңгеріп жүр

Қызылорда қаласының 57 жастағы тұрғыны Қорқыт Ата атындағы университетте құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Кендебай Ыдырысовтың жеке дерекқорынан 

Кендебай Ыдырысовтың сөзінше, білім алу қай кезде де кеш емес. 

"Мен 1967 жылы көрші Өзбекстанның Науаи облысында дүниеге келдім. Ол жақта салт-дәстүр сақталған, қазақтар тұратын Тамды ауданы бар. Қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлы сонда болған сапарында: "Нағыз қазақтарды Тамды ауылынан көрдім" деген екен. Ал атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов "Тамды аруы" әнін шығарып, туған жерімізді жоғары бағалады. Ал кешірек білім алуымның өз сыры бар. Кішкентай кезімнен ізденімпаз болдым, әлі де солай. Біліктілігімді арттырып, білімімді көбейтуге тырысамын. Менің ойымша, жас ерекшелігіне қарамастан, жаңа білім алуға талпыну маңызды. Әр адам өз арманына ұмтылуы керек. Қазір заман басқа. Жас кезімізде оқығанымыз қазір өзекті бола бермейді", – дейді ол. 

Білім алушы Кендебай Ыдырысов 1988–1991 жылдары Ташкент қаласындағы құрылыс техникумында оқыған екен. Ал 2006 жылы "Тау-кен ісі" мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітіріпті. Өмірімнің 12 жылын білім ошағында ұстаздыққа арнадым дейді.

"2004 жылы Қызылорда қаласына көшіп келгеннен кейін құрылыс компанияларында жұмыс істедім. Бригадир қызметінен жоба директорына дейін көтерілдім. 2013 жылы жеке кәсіпорын ашып, өз ісімді бастадым. Алайда қиындықтар туындап, кәсіпті уақытша тоқтатуға тура келді. Содан біраз уақыт бұрын денсаулығым сыр беріп, жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Емделгеннен кейін құрылыс мамандарын іздейді деген хабарландыруды көрдім. Мен оған түйіндемемді жібердім. Менің жұмысымды көріп, бағалаған олар сол күні кешке жұмысқа шақырды", – дейді ол.

Фото: Кендебай Ыдырысовтың жеке дерекқорынан 

Содан бері өнеркәсіптік құрылыспен айналысатын 57 жастағы білім алушы, "Ақмарал" ЖШС-де жұмыс істейді екен. 

"Осыған байланысты құрылыс саласындағы білімімді кеңейтуді жөн көрдім. Келесі жылы дипломымды аламын. Егер оқып жүрген болсаңыз, бұл білім сізге өмірлік сапарыңызда пайдалы болады. Құрылыс саласында мамандық таңдауыма осы себеп болды", – дейді ол. 

Сондай-ақ ол ізденімпаз адам бір кәсіппен шектеліп қалмауы керегін айтты.

"Адам үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Әр адам өз мамандығын бағалай білсе, биік белестерді бағындырады. Үздіксіз білімге ұмтылу жоғары табыс әкеледі. Ол үшін уақытты дұрыс пайдалана білу керек", – дейді ол.  

Талқылау