"Тұрмысқа шығып, мамандық иесі атанды": Қазақстандық психолог террористік топтан қашып, қалыпты өмірге оралған әйелдің оқиғасын айтып берді
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Қазақстанда діни радикализмнің алдын алу және зардап шеккендерді оңалту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Орталықтарда жұмыс істейтін мамандар, әсіресе, психологтар мен теологтар, көптеген адамның тағдырына ықпал етіп, оларды қалыпты өмірге қайта бейімдеуге көмектесіп келеді. Осындай мамандардың бірі Назерке Жетпісбай редакцияға радикалды ұйымнан бас тартып, жаңа өмір бастаған бір әйелдің шынайы оқиғасын айтып берді.
"Негізгі өзгеріс оның ана болған кезінде басталды"
Маманның сөзінше, Гүлғайша (есімі өзгертілді), Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын ауылда дүниеге келген. Жас кезінде әлеуметтік қиындықтармен бетпе-бет келген. Жұмыссыздық, болашаққа деген сенімсіздік, қоғамнан шеттетілу сезімі болған. Осы әлсіз тұстарын байқаған радикалды ұйым өкілдері оны торға түсірген.
"Көп ұзамай, ол радикалды діни көзқарасты ұстанатын топқа қосылып, отбасы мен бұрынғы ортамен байланысын үзген. Діннің шынайы мәнінен алшақ, қатаң ережелер мен жабық ой-пікірлерге толы орта оның ойлау жүйесін түбегейлі өзгертті. Алайда құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмады. Гүлғайша қылмыстық жауапқа тартылмады. Бірақ діни экстремизмнің алдын алу аясында ол арнайы бағдарламаға енгізіліп, теологтар мен психологтармен бірнеше ай жұмыс жүргізілді", – деді практик-психолог Назерке Жетпісбай.
Оңалту орталығының психологы алғашқы кездесулер қиын өткенін айтады.
"Ол бізге сенген жоқ. Барлығын терістеді. Қорғанып сөйлейтін. Алайда біз оны айыптауға емес, түсінуге тырыстық. Сенім қалыптастыру үшін айлар қажет болды", – дейді дінтанушы әрі психолог Назерке Жетпісбай.
"Өз өткенін мойындап, оны басқаларға сабақ ретінде айта бастады"
Маман теологиялық түсіндіру жұмыстары, психологиялық көмек, топтық терапияның бәрі біртіндеп нәтижесін бере бастады дейді. Жай ғана жаттанды уағыз емес, өмірмен байланысты, жанашыр тіл табысу тәсілі өз жемісін берді.
"Негізгі өзгеріс оның ана болған кезінде басталды. Жауапкершілік сезімі, баласының болашағы үшін алаңдаушылық, өзіне деген сын көзқарас оны терең ойға жетеледі. "Балам үшін жауапты екенімді түсінгенде, менің сенімім емес, әрекетім маңыздырақ екенін ұқтым" деген сұрақтар оның жүрегін тырналап, өз-өзіне жауап іздеуге мәжбүрледі. Осы сәттен бастап Гүлғайша өмірін өзгертуге шешім қабылдады. Орталықтың көмегімен техникалық колледжге түсіп, мамандық иесі атанды. Жұмысқа орналасып, отбасын құрды. Ең бастысы, өз өткенін мойындап, оны басқаларға сабақ ретінде айта бастады", – деді практик-психолог Назерке Жетпісбай.
Қазір Гүлғайша жергілікті мешіттің жанындағы қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі екен. Жастармен профилактикалық кездесулер өткізеді, әсіресе, жас қыздармен жұмыс істеп, өз тәжірибесін бөліседі.
"Өз тәжірибесі арқылы ол жастарға "радикалды жол – тығырық" екенін ашық айтады. Бұл оқиға бір адамның тағдыры ғана емес, жалпы қоғам үшін үлкен сабақ", – деп түсіндірді Назерке Жетпісбай.
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
"Биыл діни радикализмге қарсы 10 мыңнан аса дәріс ұйымдастырылған"
Осыған байланысты біз елімізде діни негіздегі терроризм мен экстремизмге қарсы қандай нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын құзырлы органдардан сұрап білдік.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтарынан мамырға дейін жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері бірлесіп, еліміздегі мектептерде 10 696 құқықтық білім беру сағатын өткізген. Бұл сабақтардың басты мақсаты – жасөспірімдерге құқықтық білім беру, оларды құқықбұзушылық пен діни радикал идеологиядан қорғау.
"Құқықтық сағаттар барысында оқушыларға деструктивті діни ағымдарды қалай тану керек, олардың қоғамға төндіретін қаупі қандай, сондай-ақ терроризм туралы жалған хабар таратудың заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсініктемелер берілген. Мұндай жалған ақпарат үшін тек кәмелетке толмағандардың емес, олардың ата-аналарының да жауапкершілікке тартылуы мүмкін екені айтылған", – деп пікір білдірді ішкі істер министрлігі.
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Министрлік сонымен қатар деструктивті әрекеттердің алдын алу үшін басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, діни салада тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті де елімізде терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Комитеттің мәліметінше, 2023-2025 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жоспары бар. Бұл жоспарды жүзеге асыруға мемлекеттік және жергілікті органдар да қатысып жатыр. Жоспар аясында халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, медиа ресурстар да кеңінен қолданылып келеді.
"Сонымен қатар былтыр Ақтау қаласы мен Алматы облысында теракт ұйымдастырмақ болған екі жағдайдың жолы дер кезінде кесілген. Бұл әрекеттер дайындық сатысында анықталған. Радикал идеологияны тарататын адамдарды анықтау үшін арнайы жедел және барлау шаралары қолға алынып жатыр", – деп жауап берді ұлттық қауіпсіздік комитеті.

"Мықты еркек қана көп әйел ала алады": Тоқал болуға келіскен қазақстандық өмірінен сыр шертті
