"Тұрып қалған котлетті қайта қуырады": Алматыдағы мектептердің бірі бірінші ауысымнан қалған тамақты балаларға беріп келген
Фото: Видеодан скрин
Алматыдағы №67 мектепте екінші ауысым оқушыларына бірінші ауысымнан қалған тамақ берілгені анықталды. Бұл былықты әшкерелеген мұғалім қолдаудың орнына жұмыстан шығару қаупіне және сотқа тартылуға тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
№67 мектептің мұғалімі Сәуле Сейдахметова бес жыл бойы оқушылардың асханада берілген тамақты көп жағдайда жемейтінін байқап жүрген. Бір күні бұрын әзірленген котлеттерге назар аударып, күдіктенеді. Бейнебақылау жазбаларын қарап, балаларға бірінші ауысымнан қалған ас қалдықтарын беріп жүргенін анықтайды.
"Тұрып қалған котлеттерді табаға салып, үстіне су құйып, пешке салып қайта қуырады. Сәл қыздырып, жаңа піскендей етеді. Бірақ бір қарағанда-ақ, оның тұрып қалғаны байқалады. Сосын сол котлеттерді балаларға қайта сатады. Бұл мені қатты ашуландырды", – деді Сауле Сейдахметова.
Тамақ қалдықтарын мұқият сұрыптап, қайтадан "таза аймаққа" апарып, балаларға қайта ұсынған. Сәуле Сейдахметова бұл туралы ата-аналарға және мектеп әкімшілігіне хабарлаған. Тамақтың сапасын тексеруге толық негіз болса да, керісінше, мұғалімге қарсы "компромат" іздей бастаған. Ал асхананы жалға алған компания оны сотқа берген.
"Судья менің кінәлі екенімді, жариялаған видеоматериалдарым шындыққа жанаспайтынын айтты. Ал олар мектептің өз бейнебақылау камераларындағы жұмыс сәттері еді деп жауып тастауға тырысты", – деді Сәуле Сейдахметова.
Балаларды ас қалдығымен тамақтандырғанына ешкім ашуланбаған. Керісінше, Алматының аудандық соты мұғалімді интернеттегі видеоларын өшіруге, жұрт алдында кешірім сұрауға және 550 мың теңге көлемінде сот шығындарын төлеуге міндеттеген. Осыдан кейін адвокаттар тобы іске араласып, үкімге шағым түсірген.
"Талапкер нақты не талап етіп отырғанын көрсетпеді. Яғни жауапкер әлеуметтік желісінде қандай деректерді теріске шығару керек екені нақты айтылмады. Бірақ видеоларды өшіріп, арнайы видео-терістеу жаздыру талабын қойды", – деді Тамерлан Медеуов.
Апелляциялық алқа қалалық соты бірінші инстанцияның шешімін жойып, талапкердің арызын қанағаттандырудан бас тартты. Мектеп асханасында тамақ әзірлеген компаниямен келісімшарт та бұзылды.
Бағанышылдағы балалар үйінің қызметкерлері "өз еркімен жұмыстан кетуге" мәжбүрлеп жатқанын айтты
Алматы облысында балалар 2 жылдан бері дүкен ғимаратында оқуға мәжбүр
Еске салайық, бұған дейін 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде қант пен тұз тұтыну азайтылатынын жаздық. Тамақтанудың жаңа стандарты дұрыс тамақтануға бағытталған. Атап айтқанда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында қантты 3,6 есе, тұзды 5 есеге дейін азайтуды көздейді.

"Түнде көмек сұрап шыңғырған": 16 жасар алматылықтың кісі қолынан мерт болғанын жақындары үш жылдан бері дәлелдей алмай жүр
