"Тұрғындарды алдап 8 миллиард теңге алған": Астанада бір топ азамат сатылып кеткен пәтерлерді екінші рет сатқан

Астанада бір топ азамат "Qyran" тұрғын үй кешенінде сатылып кеткен пәтерлерді, екінші рет сатып тұрғындарды алдаған. Олар жалған құжаттар рәсімдеп баспана ақшасын өз шоттарына аударып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті тұлғалар өздерін құрылыс компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырған. Кейін "Qyran" тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сату арқылы қарапайым азаматтарды алдаған.
“Күдіктілер "International Invest Company IIC" ЖШС атынан әрекет етіп, азаматтарға жылжымайтын мүлік сатамыз деп сендірген. Олар пәтерлердің макеттерін, техникалық паспорттарын және басқа да құжаттарды көрсеткен. Пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтағы бағадан төмен бағамен ұсынып, адамдарды қызықтырған. Алайда нақты сатып алу-сату шартының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау, кепілге беру немесе алдын ала келісімшарттар жасасқан”, – делінген хабарламада.
Күдікті тұлғалар осылайша адамдардан 8 миллиард теңгеден аса қаражат алған.
- Шымкентте үлгерімі төмен студенттер TikTok-тағы алаяқтықтың құрбаны болды
- Қазақстандық офицер әскерге шақырылғандарды "әскерден босатамын" деп алдап ақша алған
“Сот шешімімен жалпы құны 7,4 миллиард теңге болатын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды. Ал төртіншісі кепілмен босатылды”, – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс қазір сотқа жолданған.
Қазақстандықтарға биыл жазда қайда бару тиімді: Грузия арзандап, Мальдив аралдары қымбаттаған