Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй нарығында пәтерлердің бағасы шегіне жетті: Жаңа жылда қазақстандықтарды не күтіп тұр

2025 жылы Қазақстандағы бірнеше бағдарламаға бірқатар жаңашылдық енгізілмек. Мұнда шарттар біріздендіріліп, қатысу үшін қажет минималды жинақ сомасы 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге ұлғаяды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Биыл қарашаға қарай Қазақстандағы ипотекалық несиелер портфелі 6,2 триллион теңгеге жетті. Бұл бір жылда 14,6% өскенін көрсетеді. Бұл республиканың экономикалық несиелерінің жалпы көлемінің 19,4%-ына тең.

Айта кетері, 2021 жылдың соңынан бері ипотекалық несиелердің үлесі тұрақты түрде шамамен 1/5 деңгейінде сақталып келеді. Бұған дейін 2018 жылға дейінгі кезеңде, ипотека іс жүзінде баяулап, жалпы несие портфелінің небәрі 9%-10%-ын ғана көрсетті.

Кейінгі бес жылда тұрғын үй сатып алу және салу үшін алынған несиелер көлемі 3, кейінгі он жылда 7,6, ал соңғы жиырма жылда 57 есе өсті.

Ипотекалық нарықта басты рөл атқаратын негізгі қаржы институты — Отбасы банк. Оның несие портфелі қазірдің өзінде 3,4 триллион теңгеге жетті, бұл жыл ішінде 6,6% өскенін көрсетеді. Отбасы банкінің ипотекалық портфеліндегі үлесі 54,5%. Көрсеткіш 2019 жылдан бері тұрақты түрде 50%-дан жоғары деңгейде тұр. Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырып қана қоймай, ең осал топтар үшін тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың операторының бірі.

Сонымен қатар банк тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған түрлі санаттағы азаматтарға арналған бірқатар жеке бағдарламаларды ұсынады.

Биыл тұрғын үй секторында бірден екі ауқымды бағдарламаның – "Отау" және "Наурыздың" іске қосылуымен есте қалды. 2024 жылдың екінші жартысында осы екі бағдарлама бойынша Отбасы банкі 9 842 несие берді, олардың жалпы сомасы 247,6 миллиард теңге болды. Бұл бағдарламалар маусым айында басталып, келесі жылдың басында да жалғасын табады.

Жалпы алғанда, қарашаға дейін профильді даму институты 63 422 несие берді. Олардың жалпы сомасы 1,1 триллион теңгеге жетті. Соның ішінде 7 861 несие тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтарға ("Бақытты отбасы" және "Шаңырақ" бағдарламалары бойынша), ал 25 034 несие банктің өз бағдарламалары арқылы берілді. Айта кетейік, жаңа "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларынан бөлек, Отбасы банкінде арнайы шарттары бар "Асыл мекен", "Жасыл ипотека", ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы, "Корпоративтік" өнімі және аймақтық арнайы бағдарламалар да жұмыс істейді.

"Отау" және "Наурыз" бағдарламаларына қатысты 2025 жылы бірқатар жаңашылдық енгізілмек. Біріншіден, бағдарламалардың шарттары біріздендіріледі. Екіншіден, бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін қажет ең төменгі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтылады. Үшіншіден, таза әрлеудегі пәтерді таңдаған қатысушы енді несие сомасының небәрі 10%-ын бастапқы жарна ретінде енгізеді (бұрын әрлеу түріне қарамастан 20% талап етілген).

Толығырақ ақпарат инфографикада көрсетілген.

Фото: Еnergyprom.kz

Биыл тұрғын үйге сұраныс едәуір өсті. Қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 382,9 мыңға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1% артты. Оның ішінде пәтерлерді сатып алу-сату бойынша 297,7 мың мәміле (жылына плюс 19,8%) және үйлерді сатып алу-сату бойынша 85,2 мың мәміле (жылына плюс 1,1%) тіркелген. Тек қараша айының өзінде тұрғын үйді сатып алу-сатудың 39,4 мың мәмілесі жасалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,3% көп.

Қаңтар-қараша аралығында мәмілелер саны бойынша Алматы (74,9 мың) мен Астана (67 мың) көш бастап тұр. Одан кейін Қарағанды (30,1 мың), Алматы (20,7 мың) және Маңғыстау (19 мың) облыстары орналасқан. Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің ең үлкен өсуі Батыс Қазақстан облысында тіркелді: жылына 42% артқан. Ал, керісінше, мәмілелер саны аздап төмендеген екі өңір бар: Шығыс Қазақстан облысында 3%, Жамбыл облысында 0,2% төмендеген.

Жалпы, көпжылдық динамиканы қарастырсақ, тұрғын үй нарығындағы мәмілелер санының белсенді өсуі 2017-2018 жылдары басталып, 2019 жылы жалғасын тапқанын байқауға болады. Алайда "коронадағдарыс" кезінде, яғни 2020 жылы, бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді. 2021 жылы кейінге шегерілген сұраныс пен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалануға рұқсат берілуінің арқасында нарықта бұрын-соңды болмаған белсенділік байқалды.

2022 жылы да жоғары сұраныс сақталды (бұған Қазақстанға келген ресейліктер де өз әсерін тигізді). Ал 2023 жылы сектор алдыңғы екі жылдағы қарқынды өсуден кейін біршама "төмендеді". Айта кетейік, Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып қала береді. Ресми деректер бойынша 2024 жылдың басында бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтылу деңгейі небәрі 23,9 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіш БҰҰ ұсынған әр адамға 30 шаршы метр деңгейінен айтарлықтай төмен.



Еске салайық, бұған дейін сарапшылар елімізде келесі жылы пәтер құны 10-нан 15 пайызға дейін көтеріледі деген болжам айтты. Баспананың қымбаттауының себебі құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығы қайта енгізілмек. Ал құрылыс компаниялары сол салықты қалтадан шығармас үшін шаршы метр құнына қосады дейді мамандар. Су жаңа үйлердің құны шарықтаса, ескі пәтерлер де қымбаттайды деген сөз. 12 пайыздық құн салығы дегеніміз жаңалық емес. Елдегі құрылыс компаниялары сонау 2001 жылы осы салықтан босатылған. Осылайша үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келер жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Бұл бағаға кері әсер етеді дейді сарапшылар.

Талқылау