Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тұншықтырып сүйе бастады”: Астана мен Қарағанды арасында қатынайтын такси жүргізушісі тиісті деген қыздар оқиғаларын бөлісті

Қарағанды ​​мен Астананың бірнеше тұрғыны әлеуметтік желіде такси жүргізушісінің үстінен шағым түсірді. Жәбірленушілер өздерінің оқиғаларымен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock.com

Бұл оқиға туралы алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде Жанель есімді бойжеткен бөліскен. Жанельден жүргізуші артқы орындыққа баласы бар жолаушылар мінетінін айтып, алдыңғы орындыққа отыруды өтінеді. Артынша отырғыштағы сенсорды басу керек деген сылтаумен қыздың денесіне қолын тигізген.

“Бір емес бірнеше адам зардап шеккен. Сондықтан соңына дейін күресіп, әділдікее қол жеткізуге болады. Ол таксист жас қыздарды әдейі таңдап алады. Құдды жүйе сияқты”, – дейді Қарағанды тұрғыны Жанель.

Басқа зардап шеккендердің айтуынша, жүргізугінің әрекеті қол тигізумен шектелмеген. 

“Өте жылдам қозғалып, бір қолымен мені ұстап, рұқсатымсыз тұншықтырып сүйе бастады, басқа қолы ана жаққа қарай кетіп бара жатты. Қолын сезген кезде көзімнен жас ағып кетті. Менде истерика болды. Маған қажетті жерге келген кезде, есікті жауяп “Саған ұнады ғой,иа” деп сұрады. Мен тағы да бір нәрсе істейді деп қорқып үндемедім”, – дейді қыздардың бірі Алина. 



Жанель полицияға арыз жазып, 15 құрбанды анықтаған. Қалғандары өздеріне не болғанын бөліскісі келмейтінін айтты. 

“Полиция қызметкерлері жүргізушінің кім екенін анықтады. Ол 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Бұл факті полицияға тіркелді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, мән-жай анықталуда”, – деп мәлімдеді Қарағанды ​​облысы полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров. 

InDrive платформасы да оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Олардың сөзінше, бұл жүргізуші 2023 жылы бұғатталған. Жүргізушінің басқа біреудің құжаттарын пайдаланып жүйеге тіркелгені анықталды. Құқық бұзушының аккаунты қолданушылардың шағымдарынан кейін бірден анықталып, біржола бұғатталыпты.

Адвокат Илья Махловтың айтуынша, мұндай істер “сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне” жатады.

“Адамның еркінен тыс, дәрменсіз жағдайын пайдаланып немесе қорқыту арқылы қандай да бір интрузивті қудалау, тиісу орын алған кезде қылмыстық іс қозғалуы керек. Бұл бап бойынша жауапкершілік өте ауыр”, – дейді заңгер Илья Махлов. 

Егер жәбірленушілер ересек адамдар болса, зорлаушы 5 жылдан 8 жылға дейін, ал кәмелетке толмағандар болса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қыздар басқа жәбірленушілерден электронды пошта арқылы полицияға арыз жазуды сұрайды.

Еске салсақ, бұған дейін де қазақстандық қыздардың Астана мен Қарағанды арасында қатынайтын такси жүргізушісіне шағымданғаны туралы жазған едік. 

Талқылау