"Тұншықтырып, бауыздаған": Алматылық әйелді 1,5 жастағы қызының көзінше айуандықпен өлтірген
Алматы маңында қаскөй қатыгездікпен кісі өлтірді. Жас келіншекті тұншықтырып, пышақпен кесіп, бетін тіліп тастаған. Әйелдің бір жасар қызы қанды қырғынның куәсі болды. Марқұмның туыстары қылмысқа әйелдің бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып-соққан күйеуі кінәлі деп санайды. Олардың айтуынша, әйелі өлгеннен кейін ер адам баланы ұрлап, Ресейде жасырынуды жоспарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Светлана Спивакова 34 жаста болған. 13 қарашада ол күйеуі Александр мен қызымен бірге супермаркетке азық-түлік алуға барған. Қайтар жолда отағасы дәрет сындыру үшін негізгі жолдан бұрылуға шешім қабылдаған. Содан кейін оқиға қайғылы жағдайға ұласқан.
"Күйеу балам қоңырау шалып: "Татьяна Николаевна, Светаны өлтірп кетті" деді. Мен қалай өлтірді, қайда өлтірді, сен не айтып тұрсың дедім? Бізге тіпті рұқсат бермеді. Көрудің қажеті жоқ, сен шыдай алмайсың, деді. Мойны кесілген, көп қан жоғалтқан, барлық тамыры кесілген. Бұл айуандықпен өлтіру", - деді марқұмның анасы Татьяна Спивакова.
Кісі өлтіру кезінде көлікте ерлі-зайыптылардың бір жасар қызы ғана болған. Ал оқиғаның қалай болғанын марқұмның жұбайы айтып берген. Бірақ туыстары оған бірден бірнеше сұрақ қойды: қалай кісі өлтірушілерді байқамаған, әйелінің айқайын естімеген?
Марқұмның анасының айтуынша, бұл қылмысқа күйеу баласы қатысқан. Оның сөзіне қарағанда, ер адам Светлананы бірнеше рет қорқытып, қол көтерген, қызын ұрлап кететінін айтқан. Күйеу баласының қос азаматтығы болған. Оның көлігін тексергеннен кейін күдік күшейе түсті.
"Көлікте 20 пакет болды. Барлығында балалар тамағы. Ол сенен кез келген жолмен тартып аламын деген. Мен бұған әлі де күмәнданамын, ол талап етпеуі үшін анасын аяусыз өлтіріп, баланы алып кетуді қалаған. Мен оның заң шеңберінде қатаң жазаланғанын қалаймын", - деді Татьяна Спивакова.
Дегенмен ол күйеу баласының неліктен мұндай қадамға барғанын түсінбейді.
Марқұмның сіңлісінің айтуынша, ер адам бәрін алдын ала жоспарлаған.
"Бұл 13 қарашада, тіпті жұмада болды, қорқынышты түс сияқты. Ол бұған дайындалды, бәрін мұқият есептеді. Ол бізге бірдеңе бастамас бұрын айтқан, әрқашан бәрін 20-22 қадам алға қарай есептеймін, деп айтқан", - деді марқұмның сіңлісі Ирина Спивакова.
Ауылға баратын жолдағы көлікті кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргізушілер байқаған. Олар құқық қорғау органдарын шақырған. Кісі өлтірді деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Туыстарының айтуынша, олардың бірі - марқұмның күйеуі.
Полиция күдіктілердің кім екенін жарияламады.
"Аса ауыр қылмыс жасағанын мойындаған екі күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де қамауда", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Әзірге күдіктілердің қайсысы әйелді аяусыз өлтіргені белгісіз. Тергеу "кісі өлтіру" бабы бойынша жүргізілуде. Ер адамдар өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.