Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұңғышын күтіп жүрген, пәтер алуды жоспарлаған: Алматыда қаза болған ҰҚК капитаны туралы енесі айтып берді

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ерлікпен қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға офицері, 27 жастағы Жандос Жағалбаев тұңғыш қызының дүниеге келуін күтіп жүрген. Жаңа жылдық мерекелерден кейін пәтер алуды жоспарлаған. Алайда бұл армандарына жете алмай кетті. Марқұм күйеу баласының асқақ армандары туралы оның енесі, журналист Жазира Бегалы Facebook-те жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

– Мам , жаңа жылдық мерекелер өткен соң пәтер аламын. Менің қызым өз үйінде өседі. 
– Мам , менің қызымның мұрны маған тартпаған сияқты. Сары қыз,  ерке қыз болады. 
– Мам, Боташка кішкентай кезінде қандай болған? 
УЗИ берген пленкадан әлі тумаған қызына сүйсініп отырған Жандосымның түріне қарап күлетінмін.

Қызым Ботакөзім Алматыдағы қырғын кезде пәтерінде үш күн бойы жалғыз түнеді. “Жандос күзеттен қарны ашып, мені сағынып келеді" деп, үйге шақырсам да келмеді. Бұзақылардан шошып қалады деп уайымдап отырғанда Жандосымнан айырылып қаламын деп ойламаппын.  Ереуілшілер оның жұмыс орнына лап беріп, шабуыл жасайды деп біреу айтса да сенбес едім.  

Өмірге әлі келмеген қызын әкелік махаббатымен сүйсіндірген, қамқор, кішіпейіл күйеу балам енді арамызда жоқ. Екеуінің отбасылық бақытты ғұмырын, шаңырағын 7 айдан кейін лаңкестер ортасына түсірді. Екеуінің арман-жоспарлары көп еді", – деп жазды автор.

Жазира Бегалы қызы Ботакөз күйеуінің табытын құшақтап жылағанда үйден шыға алмай отырғанын айтады. Онысына коронавирусқа шалдығуы себеп болыпты. 

"Үш күннен бері ұйқы жоқ. Көздің жасы таусылмайды екен. Қаралы хабарды естіп , 7 қаңтарда  қызымның үйіне асығып бара жатқанда  Covid жұқтырғанымды дәрігер айтты. 14 күн үйден шығуға болмайды. Қайғылы хабарды естігеннен кейін қызымның жағдайы айтпаса да түсінікті. Туыстарым, достарым шұғыл түрде перзентханаға жеткізді.

Бүгін Жандосты ата-анасы, ағайын-туысы жер қойнына тапсырады. Жалғыз ұлынан айырылған Мұхтар құдам мен Маржан құдағиым қайғыдан қан жұтып отыр. Менің ауылдағы анам да ауырып қалды.
Қаралы хабарды естіген кездегі тас төбемнен біреу ұрған есалаң күй. Шарасыздық. Жантүршігерлік түсініксіз сезімді сөзбен айтып жеткізу маған өте ауыр. Қабырғам қайысты. Дауысым жоғалып, үнім шықпай қалды. 

6-нан  7 қаңтарға мұздай қаруланған және ОМОН киімін киген лаңкестер шабуыл жасайды. 4 кісі қаза тапты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің аға офицері Жандос Жағалбаев екі сағаттан аса атыс-шабыста мерт болды.

Жау алыстан келген жоқ. Өз қазағына оқ атқан , өз халқын тонаған опасыздар , құлқын қамын ойлаған сатқындар менің жиен немеремді әкесінен, құдамды жалғыз ұлынан, қызымды бақытынан айырды.

“Мам, енді қалай өмір сүремін? Қайда барамын?” 23 жаста жарын жоғалтқан қызымның жүрек жарасын қалай емдеймін? 
27 жаста  Жандос бейбіт күнде өз Отанын іштен шыққан жаулардан қорғап қаза тапты. Әріптестерімен бірге лаңкестердің нысанға кіруіне жол бермеді. Тойтарыс берді. 

Бүгін Президент қаулысы шықты.

Әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін Жандосым ІІ дәрежелі Айбын орденімен наградталды.

Жалғызынан айырылған ата-ананың жүрегіндегі жараны қалай емдейміз? 

Мен отырмын қамалып ... Басыңа бір уыс топырақ салуға бара алмадым. Қызым да. Енді қайтіп есімді жиямын? Білмеймін. Үнім шықпайды. Көздің жасы тыйылар емес.

Азаматынан айырылып, аза тұтып отырған марқұмдардың отбасына көңіл айтамын. Бұл өте ауыр қасіретті күнді ұмытпаймыз", – дейді Жазира Бегалы.

Журналист отбасын орны толмас қазаға ұшыратып, лаңкестік шабуылды ұйымдастырған жауыздарға ату жазасын сұрады.

Stan.kz ақпарат агенттігі Жандос Жағалбаевтың отбасына қайғыра көңіл айтады.
 

Талқылау