Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұмауға қарсы вакцина кешігіп салынады: Денсаулық сақтау министрлігі себептерін атады

вакцина тұмауФото: fact-news.com.ua

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация жоспарланған уақыттан кеш басталатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстан Ресейде өндірілген "Гриппол+" атты 2 миллион доза вакцинаны 2 миллиард теңгеге сатып алды. Ол тұмаудың ең көп таралған үш штаммынан қорғайды.

Тамыз айында еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова 2025-2026 жылдардағы тұмау, ЖРВИ және коронавирусқа қарсы алдын алу шаралары туралы қаулыға қол қойған еді. Құжатта тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталатыны көрсетілген.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Азимбаеваның айтуынша, Қазақстанға арналған вакцинаны жеткізуші оны қыркүйектің екінші онкүндігінде ғана дайындайтынын хабарлаған. 

Осыған байланысты тұмауға қарсы вакцинация науқанының басталу уақыты 1 қазанға шегерілген.

Комитеттің мәлімдеуінше, мұның екпе науқанының тиімділігіне әсері болмайды. Қазақстанда тұмау мен суық тию маусымы әдетте қазанда басталады. Вакцинацияны әдетте ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін ертерек бастауға тырысады. Дегенмен екпені кешірек салдыруға да болады.

Екпе алдымен мына санаттағы адамдарға жасалады:

•    созылмалы аурулары бар, медицина ұйымдарында динамикалық есепте тұрған балалар;
•    ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
•    қарттар үйінде тұратын егде жастағы адамдар;
•    мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
•    медицина қызметкерлері;
•    жұқтыру қаупі жоғары адамдар: жүкті әйелдер, әскери қызметкерлер, педагогтар, 65 жастан асқан адамдар және тағы басқалар.

Тұмауға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі, тіркелген емхана бойынша алуға болады.


Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ өршіген жағдайда оқушылар онлайн оқуға көшіріледі


Денсаулық сақтау министрлігі міндетті екпелердің тізімін кеңейтуді ұсынды


Еске салайық, бұған дейін Ресейде коронавирусының жаңа XFG ("Стратус") штаммы тарап жатқанын жазған едік. Роспотребнадзордың дерегінше, қазір 384 жағдай тіркелген, науқастардың көбінде ауру жеңіл өтуде. Ерекше белгісі – дауыс қарлығуы. Бұл штамм алғаш рет 2025 жылдың қаңтарында Канадада, ал Ресейде сәуірде анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сенбі, 13 Қыркүйек, 2025 13:26
Талқылау