Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тұлғалар қалыптасатын үй: Астанада жастарға арналған ерекше жоба іске қосылды

Астанада SOS Балалар ауылының қамқорлығындағы жастардың өздігінен өмір сүруді үйренуіне, жауапкершілік пен тәуелсіздікке баулуға арналған ерекше әлеуметтік жоба – топтық интеграциялық жасөспірімдер үйі ашылды. Бұл бастама жасөспірімдерге жылы әрі қауіпсіз ортада болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді.

Жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының көмегімен жүзеге асты. Қор осы мақсат үшін жалпы ауданы 370 шаршы метрді құрайтын екі кең пәтерді табыстады.

Жаңа үй жасөспірімдердің дербес әрі жауапты ересек өмірге қадам басуында маңызды рөл атқарады. Мұнда жастар тәрбиеші-ата-аналармен бірге тұрып, өз бетімен өмір сүруді, жауапкершілікті сезінуді және қалалық ортада бейімделуді үйренеді. Жаңа үйдің жағдайы отбасылық ортаға барынша жақындатылған: жайлы бөлмелер, оқу, демалыс және күнделікті тұрмысқа қолайлы барлық жағдайлар қарастырылған.

"SOS Балалар ауылдарымен бірлесіп, біз Алматы мен Қарағанды қалаларында да осындай бірнеше жобаны іске асырдық. Бұл жобалар балалар мен отбасылардың қалалық ортада, үйдің жылулығы мен жайлылығы жағдайында дамуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді", - дейді Halyk қайырымдылық қорының директоры Сағынбек Шүңкеев. 

Интеграциялық жасөспірімдер үйі – жастардың ересек өмірге сенімді және қауіпсіз қадам жасауына мүмкіндік береді

Интеграциялық жасөспірімдер үйінің форматы жасөспірімдердің қала жағдайында ересек өмірге жеңіл әрі қауіпсіз өтуіне бағытталған. Мұнда жастардың әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға интеграциялануы үшін мүмкіндіктер жасалған. Олар әрдайым педагогтар мен SOS Балалар ауылы мамандарының қолдауына сүйене алады.

"SOS Қазақстан Балалар ауылдары" корпоративтік қорының ұлттық директоры Гүлжан Асанова бұл жоба туралы былай дейді:

"Жасалған заманауи әрі қолайлы жағдайлар – табысты оқу, демалыс және күнделікті өмір үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Мұндай орта жасөспірімдерге дұрыс құндылықтар мен өмірлік нормалар туралы түсінік қалыптастырады. Бұл, өз кезегінде, олардың өздігінен өмір сүріп, сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті мамандық иесі болуға, өз жолын табуға деген ұмтылысын арттырады".

Өмірге бейімделудің алғашқы қадамдары:

Бірнеше жыл ішінде жастар:

•    Қалалық ортада еркін жүріп-тұруды,

•    Мемлекеттік қызметтерді қолдануды (емханаларға бару, ХҚКО қызметтерін пайдалану),

•    Өз қаржысын сауатты басқаруды,

•    Болашақты саналы түрде жоспарлауды үйренеді.

Жастар SOS Балалар ауылының қамқорлығынан шыққан кезде өздеріне сенімді болып, Қазақстандағы әрбір ересек азамат күнделікті кездесетін мәселелерді өз бетімен шешуге толық дайын болады. Олар өз өмірінің жауапкершілігін өз қолына алып, болашағын сенімді түрде қалыптастыра алады.

17 жастағы Кристина жаңа баспана туралы әсерімен бөлісті:

"Пәтерді алғаш көруге келген сәтте қуанышымызда шек болмады. Шамасы, көршілер біздің сонша шаттанғанымызға таң қалған да шығар. Бірақ бұл біз үшін үлкен қуаныш еді. Үйді көрген бойда қыздармен бір шешімге келдік: енді таң сайын қонақ бөлмесінде бас қосып, бір шыны кофе ішеміз — тура кинодағыдай!

"SOS Қазақстан Балалар ауылдары" корпоративтік қоры — 1994 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қор ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе сондай қауіп алдында тұрған балалар мен жастарды қамқорлығына алады. 30 жыл ішінде Қазақстандағы SOS Балалар ауылдарында 900-ден астам бала мен жасөспірім тәрбиеленді және өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ 2500-ден астам бала әлеуметтік жобалар аясында кешенді қолдау алды.

Қор Алматы, Астана, Қарағанды және Теміртауда жұмыс істейді. Сонымен қатар, Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры қолдауымен іске асырылатын Отбасылық үлгідегі балалар ауылдарының үйлестіру кеңесі жобасы аясында бүкіл Қазақстан бойынша балалар интернат мекемелеріне әдістемелік көмек көрсетеді.

Halyk қайырымдылық қоры, Тимур және Динара Құлыбаевтардың бастамасымен 2016 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін қор 85 миллиард теңгеден астам сомаға 120-дан астам әлеуметтік жобаны табысты жүзеге асырды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 14:59
Талқылау