“Түтінсіз балама өнімдерге көшсек, шылым шегетіндер азаяды”: Сарапшылар темекіге қарсы саясаттың әлсіз тұстарын айтты

Қазақстанда темекіге қарсы тыйымдар күшейтіліп, айыппұлдар өсті, вейптерге шектеу қойылды, темекі өнімдерін ашық сатуға тыйым салынды. Соған қарамастан, шылым шегетіндер саны азаймай отыр. "Стратегия" қоғамдық қорының жаңа зерттеуіне сүйенсек, темекі шегетін ересектердің үлесі – әлі де 18-20% арасында.
Зерттеуде 2021-2025 жылдары Қазақстандағы темекі мен никотин өнімдері қалай реттелгені, қабылданған шаралардың әсері талданған. Сарапшылар қатаң тыйымдар шылым шегетіндер санын азайтпағанын, керісінше заңсыз сауда мен балама өнімдердің көбеюіне әкелгенін алға тартады.
Деректер не көрсетті?
Зерттеу көрсеткендей, қатаң заңдар қабылданса да, темекі шегетіндер саны азаймаған. 2022–2025 жылдары күн сайын шылым шегетін ересектердің үлесі 15–18% арасында болса, 2024 жылы бұл 17,9%-ға жеткен. Бүгінде ересектердің 18–20%-ы темекі шегеді. 2025 жылы қазақстандықтар күніне 11 940 239 дана темекі тұтынады екен. Сарапшылар бұл статистика ел азаматтарының темекіден әлі де бас тартпағанын көрсетеді дейді.
Сонымен қатар зерттеу авторлары 2025 жылғы деректерде бірқатар сәйкессіздікті байқаған. “Ешқашан темекі шекпегендер” үлесі күрт өсіп, шамамен 79,9%-ға жеткен, ал "бұрын шеккендер" үлесі, керісінше, азайған. Зерттеу авторларының пікірінше, бұл өзгерістер зерттеу тәсілдері мен сауалнама құралдарының ауысқанымен байланысты болуы мүмкін, сондықтан оны қайта тексеру қажет.

Темекіге қарсы саясаттың тиімді әрі тиімсіз тұстары қандай?
Мамандардың айтуынша, Қазақстанның темекіге қарсы саясаты бірқатар мынадай тиімді тұстары да бар:
- 21 жасқа дейін сатуға тыйым салу. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай, жастар арасындағы шылымқорлықтың алдын алуға бағытталған шара.
 - Темекіні ашық сатуға тыйым салу. Өнімді сөрелерден алып тастаса, визуалды түрде адамды, әсіресе кәмелетке толмағандарды қызықтырып тұрмайды.
 - Track & Trace жүйесі арқылы бақылау. Жүйе өнім айналымын азайтуға мүмкіндік береді. Соның арқасында ресми нарықтағы бақылау күшейді.
 
Дегенмен шаралардың тиімсіз тұстары бар. Бұл мәселелердің салдары да қоғам үшін қауіпті. Мәселен:
- Қауіп деңгейіне қарамай теңдей қарау. Дәстүрлі темекі мен вейп, қыздырылған темекі секілді түтінсіз өнімдерге бірдей қарап, реттеу зиянды азайтудың тиімді жолы емес.
 - Сенімді ақпарат жетіспейді. Тұтынушылардың 93,1%-ы темекі өнімдері туралы нақты, ғылыми ақпарат іздейді. Мұндай ақпарат болмағандықтан, кейде “кальян пайдалы” деген сияқты ақпаратты рас деп ойлайды.
 - Нарықта көлеңкелі ойыншылар мен заңсыз өнімдердің көбеюі. Қатаң тыйымнан кейін көлеңкелі нарықта сатылатын темекі өнімдері көбейді. Контрабандалық тауарлардың тәркіленуі 120% артқан.
 
Шетел тәжірибесі қандай?
Сарапшылардың айтуынша, темекіні зияны аз түтінсіз баламалармен алмастыру шылым шегетіндер санын қысқартуға көмектеседі. Ұлыбритания, Швеция, Жапония осы тәсілдің арқасында көп нәтижеге қол жеткізген. Мысалы, Ұлыбританияда вейпинг заңды түрде реттеліп, темекіден бас тарту жүйесінің бір бөлігіне айналған. Соның нәтижесінде елде темекі шегетіндер азайып, рекорд көрсеткіш болған: 2011 жылы шылым шегетін ересектер 20,2% болса, 2023 жылы 11,9%-ға дейін, яғни 41% төмендеген.
Жаңа Зеландияда да электрон темекіні реттеу мен зиянды азайту саясаты күнделікті шегушілер санын айтарлықтай қысқартқан. 2012-2013 жылы шылым шегетіндердің үлесі 16,4% болса, 2023-2024 жылы 6,9%-ға дейін азайып, 58% төмендеген.
Швеция “түтінсіз модель” деген тәсіл қолданды. Ол бойынша, дәстүрлі темекі орнына снюс немесе никотинді қалташалар пайдаланылады. Нәтжесінде Еуропалық Одақ елдері ішінде шылым шегетіндер саны және шылым шеккеннен туындайтын аурулар деңгейі ең төмен елге айналды. 2019 жылы күнде шылым шегетіндер үлесі 6,4% болса, 2024 жылы шамамен 5%-ға дейін жетіп, 22% азайған.
Жапонияда шылым шегетіндердің бір бөлігі темекіні қыздыру жүйесіне жаппай ауысқаннан кейін, темекіні сатып алатындар күрт азайған, ал жастар арасында шылым шегетіндер көбеймеген. Нәтижесінде кейінгі 10 жыл ішінде темекі сатылымы 50%-дан астам қысқарды. Оған қоса 2016 жылы шылым шегетін ересектердің үлесі 19,3% болса, 2022 жылы 16,8%-ға дейін түсіп, шамамен 13% азайған.
"Зерттеу нәтижелері енгізілген тыйымдардың тиімді екенін дәлелдей алмады. Сондықтан Қазақстан тәжірибесін темекі шегушілер санын азайтуда табысқа жеткен, темекі зиянын азайту (ТЗА) стратегиясын енгізген елдердің тәжірибесімен салыстыру қажет. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, дәл осы зиянды азайту тұжырымдамасы мен дәстүрлі темекіге балама – түтінсіз өнімдерге көшу тәсілі шылым шегушілер үлесін тұрақты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тұжырым біздің зерттеу нәтижемізде де айқын көрініс тапты", – деді "Стратегия" ҚҚ президенті, зерттеу авторы Гүлмира Илеуова.

Қазақстанда 2024 жылы енгізілген тыйымдарға қарамастан, 2025 жылы электрон темекілерді пайдаланатындар көбейген. Апта сайын вейп тұтынатындардың үлесі 10%-ға жеткен. Сонымен қатар темекіні қыздыру жүйелерін (ТҚЖ) қолданатындар да азаймай, тұрақты түрде көбейіп келеді.
"Қазақстан тәжірибесін халықаралық мысалдармен салыстыру нәтижесінде мынадай қорытынды жасауға болады: тек тыйым салуға негізделген саясат темекі шегуді тұрақты азайта алмайды. Мұндай жағдайда тұтыну көлеңкелі нарыққа немесе балама өнімдерге ауысады. Ал темекіге қарсы күрес тиімді болуы үшін қауіп деңгейіне қарай реттеуді қамтитын кешенді, дәлелді тәсіл қажет", – деп түсіндірді "Стратегия" ҚҚ жобалар үйлестірушісі Азат Мұхамедиев.

Зерттеу деректерін қорытындылай келе, сарапшылардың айтуынша, тек тыйым салу дұрыс нәтиже бермейді. 21 жастан төмендерге сатпау, қаптаманы біріздендіру және жастарға жарнамалауға тыйым салу маңызды. Дегенмен адамдарға дәстүрлі темекі мен түтінсіз никотин өнімдерін қауіп деңгейіне қарай да бөлу керек. Оған қоса өнімдерді қаншалықты зиян екенін ашық және нақты түсіндіру қажет.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді