"Түшкірсем сүйегім сынатын": Ерекше диагноз қойылған Арзу Алмасова дерті жайлы айтып берді
Фото: Видеодан скриншот
Қазақстандық кәсіпкер, блогер Арзу Алмасова журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында ауыр дертке қалай тап болғанын ашық айтып, балалық шағынан сыр шертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Арзу Алмасова дүниеге келгенде дені сау, он екі мүшесі бүтін қыз бала еді. Алайда бар болғаны он айға толған шағында белгісіз дерт кенеттен бойына жабысқан.
“Бұл 1 жасымда жабысқан ауру болды. 19 жыл бойы төсек тартып жаттым. Диагнозымның себебі сүйекке кальций жетіспейді, 1-2 жасымда бірнеше буыным сынып, ол біліктілігі төмен дәрігерлердің кесірінен дұрыс бітпей, сүйектің қисық бітуіне байланысты осындай диагноз қалыптасты. Бала кезімде түшкіріп қалсам, жиһазға салмақпен отырсам, біреу құлатып алса, сүйегім сынатын еді”, – деді ол.
Оның сырқаты балалық шағында, әпкесі оны ойнап жүргенде жерге абайсызда құлатып алған сәтінен басталған
“Біз ауылда өстік. Ол кезде әпкем шамамен 6–7 жаста болатын. Бірде есік алдында балалармен ойнап жүріп, мені көтермек болып, абайсызда құлатып алған. Мен сол кезде ірі, салмақты болып туғандықтан, құлағаннан кейін аяғым сыныпты. Ауылдық дәрігерлер аяқты дұрыс салмаған, оған қоса шілденің аптап ыстығында гипсті ерте шешіп тастаған. Жарақат толық жазылмастан, мені жүргізе бастаған. Салмағымның ауырлығынан аяғым қайтадан сынып кеткен. Сол кезде ата-анам сынықшыға апарып, бұрын бітіп қалған сүйекті қайта сындырып, жаңадан орнына салдырған. Емдейміз деп жылқының майын жаққан, теріге ораған, содан сүйекті жұмсартып алыпты. Мұның бәрі – білімсіздіктің салдары. Дәрігерлердің салғырттығынан кейін ата-анам сынықшыға да, балшыға да сене берген. Кейде осы сырқатты өзіміз қолдан жасап алғандай көрінеді. Бірақ, бәрібір, бұл тағдырдың жазуы шығар”, – деді ол.
Кәсіпкер 19 жыл бойы төсек тартып жатқанын, тіпті өз дәретін төге алмағанын бөлісті.
“19 жыл бойы төсек тартып жаттым, тіпті өзімнің дәретімді төге алмаған адаммын. Сана кіре бастағанда маған қалай көмектесерін, не істерін білмей шырылдап жүрген әке-шешемді көргенде ойым өзгере бастады. Терезеден балалардың мектепке бара жатқанына, есік алдында жүгіріп ойнағанына қарап жататынмын, ал мен тіпті басымды көтере алмаймын. Қарапайым су беру үшін айналамның бәрін жастықпен толтырып, мені ақырын отырғызып, суды қасықтап беретін. Бала кезде көп дүниені байқамаған екенбіз, 14 жастан асып, сана кіре бастағанда “шіркін-ай” деп көзімді жұмып, “мен де сондаймын” деп қиялмен ғана өмір сүргем. Аллаға шүкір қазіргі өмірімді сол кезде қиялмен өзім жасап алған сияқтымын”, – деді ол.
Ол мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсетіп, ешқашан үмітін үзбеуге шақырды.
“Мені құтқарған анамның дұғалары, ата-анамның сенімі мен менің қиялдарым деп ойлаймын. Қаншама мүгедек балаларды асырап отырған аналарға “Ешқашан да сенімді жоғалтпаңыздар” дегім келеді. Менің анам “Арзуым, мықты, данышпан, осы қыз бізді асырайды, әлі осы қыздан ақыл сұрайсыңдар” деп айтатын. Мені көтеріп, алға шығарып тәрбиелеген”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігер дәрі тағайындағанда үтірді дұрыс қоймауы кесірінен 2 жасар бала көз жұмғаны хабарланған еді.
“Жыл сайын бала туамын деп жақында көз жұмды”: Қазақстандық әйелдер ер адамдардың вазэктомия жасатуын талап етіп жатыр