4 гектар жер, киіз үй, жеке фитнес орталығы мен бассейн: Тұрсынғали және Баян Алагөзовтердің үйі қазақстандықтарды таңғалдырды

Танымал кәсіпкер Тұрсынғали мен белгілі продюсер Баян Алагөзовтердің баспанасы қазақстандықтарды таңғалдырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бейбіт Әлібеков “По домам” Youtube жобасының кезекті шығарылымында Алагөзовтердің жаңа шаңырағын көрсетті.
Қазақстандық шоу-бизнестегі көпшілік сүйсіне қарайтын жұптардың бірінің зәулім үйі Алматы маңындағы тау бөктерінде орналасқан. Сәнді вилланың аумағы 2 мың шаршы метрден асады, ал оған тиесілі жер телімі жалпы 4 гектарды алып жатыр. Осы аумақта үй, үлкен киіз үй, жылыжайлар мен балалар алаңы орналасқан. Ең басты артықшылық – аумақтың да, үйдің де кез келген тұсынан ашылатын ғажайып таудың көрінісі.
“Мұның бәрін әйеліме ұнайтындай етіп жасауға тырыстым. Ең алғаш рет келгенде “Маған осы үй ұнайды” деп айтты, бәрі әйелдер үшін”, – деді кәсіпкер.
Үйдің интерьері талғаммен жасалған. Әшекейлеуде сапалы мәрмәр қолданылып, әр бөлме қымбат әрі сәнді жиһаздармен жабдықталған.
“Бұл үй шетелді есіме түсіріп тұр. Шетелдік вайб сезіледі, шетелде жүргендей әсер қалдырады”, – дейді Бейбіт Әлібеков.
Киіз үй
Зәулім үйдің ең басты ерекшелігі – аумақта орналасқан жеке киіз үй. Баян Мақсатқызының айтуынша, үй ауласында үлкен киіз үйдің болуы — оның көптен бергі арманы.
“Тұрсынға жаңа үйге көшкенде үлкен киіз үй болғанын қалаймын деп айттым. Мен қалауымды айтқаннан бір айдан кейін киіз үй пайда болды”, – дейді продюсер.
Негізгі үй
Үй ішінде жеке бассейн, жаттығу залы, тіпті үй жануарларына арналған арнайы бөлме де қарастырылған. Көзге бірден түсетіні – барлық дерлік бөлмеде алып терезелер орнатылған. Олардан таудың әсем көрінісі айқын ашылады. Мәселен қонақ бөлмесіндегі витражды терезенің биіктігі сегіз метрге дейін жетеді.
Алагөзовтер әулетінің үйінде қызметкерлерге арналған жеке қабат бар. Астыңғы қабатта негізгі асүй мен қойма орналасқан. Ал Бейбіт Әлібеков бұл асүйдің аумағын шағын мейрамханалардың асүйімен салыстырды. бұл қабатта үйде тұрып қызмет ететін жұмысшыларға арналған бөлмелер орналасқан.
“Біздің үйде жұмыс істейтін адам саны жеткілікті”, – деді продюсер.
Бұған қоса, олардың иттерінің жеке бөлмелері бар.
Бейбіт Әлібеков зәулім үйдің көз тартатын өзге де қырларын көрсетті. Соның бірі — үй иелерінің қонақ күту мәдениетін аңғартатын, алуан түрлі сусындар қойылған кәсіби бар сөресі.
Жеке фитнес орталығы мен бассейн
Сұхбат барысында Тұрсын мен Баян Алагөзовтер салауатты өмір салтын берік ұстанатыны байқалды. Сол себепті үй ішінде кәсіби талапқа сай жабдықталған тренажер залы мен фитнес аймағы бар. Бұл жерде сыртқа шықпай-ақ, өзіңізге ыңғайлы уақытта жаттығу жасауға мүмкіндік мол.
“Үйдің осы бөлігінде күнде шамамен екі сағат өткізуге тырысамыз. Бұл өте пайдалы”, – деді кәсіпкер.
Ал дене шынықтырудан кейін бой сергітіп, тынығуға арналған кең бассейн де бар.
“Біз күн сайын ұйықтар алдында осында уақыт өткіземіз. Қандай жағдай, көңіл-күй болмасын бір күнді де қалт жібермейміз. Мен қазір 30 метрдей жүзіп үйреніп қалдым.
Сауна
Бұл қабатта бассейн мен фитнес аймағынан бөлек, екі сауна бар. Оның бірі кәсіпкерге арналса, екіншісі Баян Мақсатқызы тиесілі.
“Кішкентай қыздарым да менімен бірге саунаға түседі. Оларды соған сәби кезінен-ақ үйреткенмін. Әуелі бассейнге шомылады, кейін осында келіп жылынады”, – деді продюсер.
Тұрсын Алагөзовтің жеке гардеробы
Кәсіпкердің сән мен талғамға деген көзқарасы оның әлеуметтік желідегі парақшасынан байқалады. Оның жеке гардеробында әлемдік брендтердің костюмдері мен аксессуарлары ерекше ұқыптылықпен жинақталған. Оның өзгеше киімдерінің бірі – доптың материалынан тігілген күртеше.
Сұхбат барысында Баян Алагөзова естеліктердің бірін бөлісті. Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын алғашқы кездесуде болашақ жары гүл емес, бірден қолтырауын терісінен жасалған Hermès сөмкесін сыйлаған.
“Тұрсынның әйелі болған қандай жақсы, қай сөмкең қанша тұратынын білмейсің”, – деп қалжыңдады Бейбіт Әлібеков.
Тұрсен Алагөзов өз қызметкерлерінің ата-анасына ай сайын зейнетақы төлемек
Айта кетейік, бұған дейін Тұрсынғали Алагөзов үлкен балаларымен татуласып, оларды кіші қыздарымен таныстырғаны хабарланған еді.