Түрмеден шыққан 75 жастағы қажы Меккедегі алаяқтар туралы айтты
Тараздың тумасы Өтеміс қажы Маханов қалың көпшілікке кәсіпкер, түйеші, емші әрі этнограф ретінде жақсы таныс. 75 жастағы ақсақалдың өмір жолында көрген қиындығы көп. Жастайынан жылқы баққан ол ұрлыққа бір табан жақын екенін ашық айтады. Тіпті түрмеге де отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Егде жастағы Өтеміс Маханов жылқы баққан жылдары барымташы болғанын жасырмайды. Сол кезеңде үйір-үйір аттарды ұрлау үйреншікті жағдайға айналғандай.
"Жылқы баққанда ұрлық істедік қой. Өмірбақи ұрлық істедік. Жалпы жылқы баққан адамның 99%-ы – ұры. Дені сау адам ұры болады. Өйткені ол жылқышы ғой. Мысалы, менің жылқымды басқа біреу ұрлайды, анау ұрлайды. Ол менен біреу алса, мен одан үшеу алып келемін. Содан кейін ол екінші рет қояды, маған жақындамайды. Мен жігіт болдым, келіншекке де бардық, бәрін істедік қой. Түнімен жатпаймыз ғой. Менің не істегенімді ауылдың бәрі біледі. Кейін соның бәрін жуып-шайып ауылға мешіт салып бердім, медресе салып бердім. Құдайға шүкір", – дейді Өтеміс Маханов.
Десек те, ұрлықтың соңы жақсылыққа апармаған. Ол кезде Өтеміс жап-жас жігіт еді. Күндердің күнінде оның жылқыларын қарағандылық жігіттер еш ескертусіз айдап әкеткен. Сол сәтте қарсыластарынан қарымта қайтаруды көздеген ол полиция қызметкерлерінің назарына ілігіп, кейін түрмеге қамалады.
"Түрмеде екі жыл отырдым. Ол жерде біз сияқты адамдар отыр. Ештеңе жоқ, тай ұрлаған да, бұзау ұрлаған да отыр. Ертең шығады, біз де жүрміз ғой. Маңдайымда жазылып тұрған жоқ қой. Түрмеде өтірік айтпауың керек. Жаламен отырғандар көп, тыға береді. Қазақ балалардың ортасында отырдым, төрде жаттым. Тамағымыз сырттан келіп жатыр, хат та келіп жатты. Екі жыл өте шықты", – дейді ол.
Осылайша Өтеміс Маханов жас кезінде ұрлық та жасаған, түрмеге де түскен. Кейін егде жасқа тақаған шақта Меккеге барып, қажы атанады. Алайда 75 жастағы қарияның қасиетті мекеннен көңілі қалған көрінеді. Оның өзіндік себептері де бар.
"2013 жылдың қазан айында қажылыққа бардық. Бізді қажылыққа апарған компания алаяқ боп шықты. Ол жаққа барудың керегі жоқ. Онда не бар? Бәрі алаяқ. Меккеде де алаяқ көп. Біз еліктегіш халықпыз. Мәселен, менің кемпірім Меккеде зәмзәм суын балаларға апарамын деп екі 5 литрмен су алып келді. Сонда қасындағы әйелдер: "Ойбай, апа, мына суды краннан ағызып берген ғой" деп айтты. Сол суды қайта өткізіп тастадық. Көшенің бәрінде моншақ, сақина сатқан адамдар. Ол жақта түк жоқ. Бір Алланың көзі түзу болсын. Ең дұрысы сен ұрлық істеме, бала-шағаңа жақсы тәрбие бер, болды! Меккеде көшеде келе жатсақ, аяқ-қолы жоқ қыздар шаштары жалбырап отыр. Олардың мойнына дорба іліп қойған. Ол дорба ақшаға толғаннан кейін басқа дорбаға ауыстырады. Сөйтсем ол бизнес екен. Естуімше, әлгі қыздардың қол-аяғын ақша табу үшін әдейі кеседі екен. Жүрегім езіліп кете жаздады ғой, түнімен ұйықтай алмадым. Меккеден көңілім қалды, қазір барғым келмейді. Біреу тегін билет берсе де бармаймын", – дейді қажы.
Сондай-ақ Өтеміс Маханов бұл сұхбатында мылтықсыз қасқырды қалай буындырып өлтіргенін және түйенің зәрі аты жаман ауруға пайдалы екенін ашық айтты.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.