Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркия шоубизнесінде үлкен дау: 20-ға жуық әртіс есірткі қолданды деген күдікпен тергеуге алынды

Фото: trthaber.com

Ыстамбұлда полиция мен жандармерия бірлесіп шоубизнес өкілдері арасында есірткі қолдануға қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тексеріс аясында Түркияның ондаған танымал тұлғалары – актерлер, әншілер және блогерлер тексерілген.

Тергеу бірнеше апта бұрын басталған. Тергеушілер күдікті жеткізушілер мен клиенттердің желісін анықтаған. Дәлелдер жинақталғаннан кейін прокуратура тінту мен тексеру жүргізуге рұқсат берген.

Медициналық сараптама мен тергеуге жеткізілгендердің арасында түрік киносы мен эстрадасының жұлдыздары Ирем Дериджи, Хадисе, Кубилай Ака, Демет Евгар, Беррак Тюзюнатач, Өзге Өзпиринчджи, Каан Йылдырым, Дуйгу Өзаслан, Бирдже Акалай, Метин Акдюльгер, Мерт Языджыоғлу, Зийнет Сали, Фейза Алтун, сондай-ақ тележүргізуші Дефне Самйелидің қыздары – Дерин және Дерен Талу бар.

Жандармерияның Бас басқармасына және медициналық мекемелерге жеткізілгендерден талдаулар алынып жатыр. Әзірге ешкімге ресми айып тағылған жоқ. Тергеу шеңберінде тексеру және сұрақ алу шаралары жүргізіліп жатыр. Егер талдау нәтижелері тыйым салынған заттардың барын көрсетсе, әрбір фигурантқа қатысты жеке іс қозғалуы мүмкін.

Айта кетсек, бұл арнайы операцияның ауқымы түрік шоубизнесі тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай деп сипатталып жатыр. Тергеу жалғасуда және күдіктілер тізімі әлі де кеңеюі мүмкін екені хабарланды.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, ұсталғандар қамауға алынған жоқ. Олардың сұралуы тергеу аясында жүргізілген. Барлық рәсім аяқталғаннан кейін танымал тұлғалар босатылған.

Түркияда есірткіге толық тыйым салынған. Бұл мәселе Қылмыстық кодекстің 191-бабымен реттеледі. Тыйым салынған заттарды пайдаланғаны немесе сақтағаны үшін 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал есірткіні тарату немесе сатумен айналысқан жағдайда 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Айнұр Мұхади
Жұма, 10 Қазан, 2025 15:52
Талқылау