Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркия Израиль президенті үшін әуе кеңістігін жауып тастады

Анкараның ұстанымына байланысты Ицхак Герцог Бакудегі БҰҰ-ның климат өзгеруі тақырыбындағы конференциясына сапарын тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Израиль министрлері Грузия арқылы Әзірбайжанға келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Trthaber.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: report.az

Израиль президенті Ицхак Герцог Түркияның әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салуына байланысты Әзірбайжанда өтетін БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP29) сапарынан бас тартты. 

Израиль басшысы Ицхак Герцог сапары кезінде ресми Wing of Zion ұшағына мінуге тиіс еді. Алайда форумға қатысып жатқан израильдік министрлер Грузия арқылы коммерциялық әуе рейстерімен Бакуге жеткен.

Yedioth Ahronot басылымының дерегінше, қарқынды келіссөздер бірнеше күн бойы дипломатиялық арналар арқылы жүргізілгенімен, нәтижесіз аяқталды. Сонымен бірге ресми Баку климат конференциясына қатысушылардың бәріне қажет жағдай жасағанын атап өтті.

Израиль президентінің кеңсесі сапардың қауіпсіздік мәселелеріне байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда Caliber.az порталына Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілі берген сұхбатта Герцогтың конференцияға бара алмауы Анкараның ұстанымына байланысты екенін атап өтті.

COP29 конференциясы 11-22 қараша аралығында Бакуде өтіп жатыр. Форумның негізгі тақырыбы – 2025 жылдан бастап климат өзгерістеріне қарсы күрес шараларын қаржыландыру. Сарапшылар бұл шаралардың жылдық құнын кемінде 1 триллион долларға (940 миллиард еуро) бағалап отыр. Сонымен қатар конференцияда атмосфераға парниктік газдар шығарындысын азайту бойынша алдағы жұмыс талқыланбақ.



Еске салайық, бұған дейін шілдеде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қажет болған жағдайда түрік әскерлері Израиль аумағына кіреді деп мәлімдеді. Ердоған мәлімдеме жасап, палестиналықтарға жақтасу керек екенін айтты. Түркия ұлттық келісім үкіметінің күштеріне көмек көрсету үшін 2020 жылы Ливияға әскер жіберді. Сонымен қатар түрік әскерилері Таулы Қарабақтағы операциялары кезінде Әзірбайжан армиясына көмектесті.

Талқылау