Түркия астанасы Анкарада теракт болды
Түркия астанасы Анкарада аэроғарыш компаниясының нысанында теракт болды. Шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: АА
Террористер нысанға бақылау-өткізу пункті арқылы кірмек болған. Алайда қауіпсіздік қызметкерлерімен қарсыласқан. Артынша куәгерлер атыс пен жарылыс дыбысын естіген.
Оқиға орнында арнайы жасақ бөлімшелері жұмыс істеп жатыр.
Түркия ішкі істер министрі Али Йерликая лаңкестік әрекеттің Анкарадағы TUSAŞ (пилотсыз ұшу аппараттары, ұшақтар мен спутниктерді жасайтын түрік аэроғарыш компаниясы) нысанына қарсы жасалғанын атап өтті.
Фото: Yeni Şafak
"TUSAŞ Кахраманказан нысандарына жасалған террорлық шабуылда 2 террорист залалсыздандырылды. Өкінішке қарай, шабуылда 3 адам қаза тауып, 14 адам жараланды", – деді Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жерлігілікті уақытпен сағат 15:30 шамасында болған.
TUSAŞ – Түрік аэроғарыш компаниясы. Компания Түркияның аэроғарыш және жалпы қорғаныс өнеркәсібінде маңызды кәсіпорындардың бірі болып саналады. Компания Airbus A380 және A400M әскери ұшақтарының бөлшектерін шығарады.