Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда жылына 10 миллион метр джинсы матаcын өндіретін зауыттың капсуласы салынды

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының экономикалық ахуалын жақсарту, өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін осы мақсатта Түркістанда кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, "Hygeia Textile Kazakhstan" ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.

“Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта "Hygeia Textile Kazakhstan" ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін!”, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аталған нысанда жылына 10 миллион метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. "Turan" арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады. 

Дана Русланқызы
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 22:14