Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда шенеуніктер 7 минуттық бейнероликті 100 млн теңгеге дайындау жөнінде келісімшарт жасаған

роликФото: pixabay.com

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құны 100 миллион теңге болатын жеті минуттық бейнеролик өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Облыс басшысының айтуынша, бұл бейнеролик өңірдің танымалдылығын арттырып, салынған 100 миллион теңге бір жылдың ішінде ақталар еді. Ол сондай-ақ мұндай жобалардың АҚШ-та шамамен осындай қаржыға жүзеге асырылатынын атап өтті.

"Бізде “Алтын Самұрық” кинотеатры бар. Сонымен қатар “Ұлы Дала” кешені жұмыс істейді. Онда 3D-эффектімен фильмдер, мысалы, жаңалықтар секілді мазмұндарды көрсетуге болады. Бұл көрнекі әрі мазмұны мұқият ойластырылған материал болмақ. Барлығы туристік әлеуетті дамытуға бағытталған. “Алтын Самұрық” осындай жобалардың біріне мысал. Біз басқа елдермен салыстырдық. Мұндай жобалардың құны 200–300 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін (89–130 млн теңге). Мысалы, АҚШ-та Universal Park кешенінде “Гарри Поттер” және “Трансформерлер” негізіндегі шоулар ұйымдастырылады, бұл өте қымбат жобалар. Бұл жай ғана бейнеролик емес, туристік әлеуетті арттыратын және бюджетке салынған қаражатты бір жыл ішінде қайтара алатын жоба. Бұл жоба қажет, бірақ, өкінішке қарай, түсінбестіктен қоғамда бірден резонанс туғызды", – деді ол.

GSI Exclusive компаниясының қымбат жобасы неге таңдалғаны жөніндегі журналист сұрағына Нұралхан Көшеров конкурс кезінде басқа ешбір компания ұсыныс бермегенін, сондықтан бұл компания жалғыз қатысушы болғанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ Түркістан облысында ел тарихының әртүрлі кезеңдеріне арналған тарихи бейнероликтің дайындалғанын жазған. Оның құны 100 миллион теңге деп бағаланып, шарт G7 Exclusive компаниясымен конкурс өткізбестен тікелей жасалғаны хабарланған.

Жобаның жоғары құны, әсіресе президенттің бюджет қаражатын үнемдеу жөніндегі тапсырмалары аясында, сұрақтар туғызды. Осыған байланысты өңір әкімінің баспасөз қызметі облыс әкімі Нұралхан Көшеров рәсімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын жан-жақты тексеруді тапсырғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлытау облысының әкімі Дәстан Рысбеков SCAT әуе компаниясының борттық журналында далада табиғи қажеттілігін өтеп тұрған ер адам бейнеленген сурет өңірге күтпеген танымалдық әкелгенін айтқан еді. TikTok-та жарияланған бейне 300 мың рет қаралған.
 

Рая Мінәп
Сейсенбі, 09 Желтоқсан, 2025 13:47