Түркістанда қарт әкесін ұрып-соққан ер адам: Әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Фото: Видеодан скрин
Шардара ауданында әкесін ұрып-соғып, азаптап, балағаттаған 41 жастағы ер адамға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Алайда оның әйеліне қатысты “Ұрып-соғу” бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот отырысына қатысушыларға ер адамның әкесін сабаған сәттері көрсетілді. Видеодан айыпталушының жұбайын да көруге болады.
Марқұмның денесіне жүргізілген сот-медициналық сараптамаға сәйкес, қарт ер адамның мұрны мен қабырғалары сынған, сондай-ақ денесінің бірнеше бөлігінде жарақаттар бары анықталған. Қазір Жетісай аудандық сотында тергеу деректеріне сәйкес әкесін ұрып-соғып, азаптаған деп айыпталған 41 жастағы Алмас Садақбаевтың ісін қарауды жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, айыпталушының кәмелетке толмаған екі баласы бар, бұл мән-жай жазаны жеңілдететін фактор ретінде ескерілуі мүмкін. Сондай-ақ бүгін айыпталушының жұбайына қатысты “Ұрып-соғу” бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылғаны белгілі болды.
- Түркістан облысында өз әкесін аяусыз соққыға жыққан ер адамға қатысты сот басталды
- Түркістан облысында ұлы ұрып-соққан қарттың мәйітіне эксгумация жасалды
“Садақбаевтың кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тағайындалған сараптамалармен, сот-медициналық қорытындылармен және куәлардың айғақтарымен дәлелденді. Садақбаев өз кінәсін толық мойындады”, – деп мәлімдеді Прокурор Нұрмахан Елшібаев.
Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысында ер адамның өз әкесін аяусыз қорлап, балағаттап, тіпті ұрып-соққан видеосы тараған еді. Облыстық полиция ер адамды қамауға алды. Жуырда әкесін аяусыз ұрған түркістандық ер адамға екі бап бойынша айып тағылғаны туралы жазған едік.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді