"Күні бойы аңди алмайды": Түркістанда 5 жасар қыздың өлімі үшін сотталған пробация қызметкерінің жақындары шешіммен келіспейді
Түркістан облысы Сарыағашта азаппен ажал құшқан 5 жасар Еркежан Нұрмаханның өлімінен кейін пробация қызметкері 2 жылға сотталды. Алайда 14 жылдық өтілі бар Тұрарбек Тілдахановтың жақындары бұл шешіммен келіспейді. Өйткені о баста жазаны дұрыс тағайындамаған адамдар кінәлі деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Өткен жылы Сарыағашта өз ауласында ойнап жүрген қаршадай қыз жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен еді. Күллі ауыл іздеп, Еркежан Нұрмаханның денесін екі рет сотталып, пробация бақылауында тұрған көршінің үйінен тапқан.
Кішкентай қызға тап берген қылмыскердің тәртібін бақыламағаны үшін пробация қызметкері 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Тұрарбек Тілдахановтың әйелі Раушан Жүнісова мұны әділетсіз деп есептейді. Сөзінше, Гайибназаров 1 ай 15 күн ғана оның бақылауында болған.
“Ол не істей алады? Күні бойы аңди алмайды. Оның қызметіне жұмыспен қамту, түсіндіру жұмыстарын өткізіп, өз-өзіне қол салмауын қадағалау жатады. 20/20 бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрған ба, қалай қызметке кіргізуге болады дегенді тексереді. Бірақ ол қылмыстың алдын ала алмайды”, – деді әйелі.
Қазақстанда 2016 жылы пробация қызметі туралы заң қабылданғаннан бері Тұрарбек Тілдаханов – пробация қызметкері ретінде сотталған бірінші адам. Алайда Түркістан облысында проация бақылауында тұрған 60-қа жуық адам қылмысын қайталаған.
Әйелінің айтуынша, пробация қызметкері 14 жыл қызметінде бірде-бір рет сөгіс алмаған. Керісінше, тұрақты түрде кездескен екен.
“Оның бақылауында 47 адам болды, бірақ норма бойынша 30 болу керек. Адам жетіспегендіктен, жүктеме үлкен. Оны салғырт қарайды дейді, бірақ қылмс үйінде болды. Ал күйеуім әрқайсысының үйінде отырып, 24 сағат аңдуға міндетті емес. Сондай-ақ оның құзіреті шектеулі. Ол тек ара-кідік шартты жазаға тартылған адаммен, оның ата-анасы және әйелімен сөйлесіп отырады”, – деді ол.
Сөзінше, қызметкерлерге мемлекет тарапынан жағдай да жасалмаған. Олар өз көлігімен ауданды аралайды.
“Ал мемлекет не істеді? Астына көлік берген жоқ, күйеуім өз көлігімен барады, күніне 4000 теңге кетеді. Бензинін де құймайды. Өз қалтасынан төлеген теңгерім арқылы бәріне хабарласады, телефон теңгерімін төлеп бермейді”, – дейді әйел.
Ер адам Гайибназаровпен 1 ай 15 күн ішінде 7 рет кездескені анықталды әрі хаттама толтырып, қол қойылған.
Тілдахановтың туыстары жазаның о баста дұрыс тағайындалмағанын айтады.
“Гайибназаровқа жаза дұрыс тағайындалмаған. Ол оған дейін 10 жыл түрмеде отырған. Шыққан соң, өзбекстандық ер адамның басын балтамен ұрып, зақым келтірген. Өзбекстан азаматы өз еліне барған соң көз жұмыпты. Осы үшін 3 жылға шартты соттапты. Қаулыда “бұрын сотты болмаған, отбасылы екені ескерілді” делінген. Бірақ ол қате, себебі ол бұған дейін сотталған және некеде емес. Бұрын соттылығы болғаны үшін жазасы ауырлау керек еді”, – деді қызметкердің туысы Ғалымжан Астанақұлов.
Ал Сарыағаш аудандық сотының төрағасы, яғни Тілдахановты соттаған адам мұндай іс тәжірибесінде бірінші рет кездесіп тұрғанын айтты.
“Тәжірибемде мұндай іс бірінші рет түсті. Пробация қызметкері қылмыстың алдын алып, көшеде мас күйде жүргенде ескерту беру керек еді. Ол көшеде масаң күйде жүрген. Сондай-ақ Гайибназаров кей қағаздароға қол қоймаған, 1Д жүйесіне тіркелмеген”, – деп мәлімдеді Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Жасұлан Орынбаев.
Қаза болған 5 жасар Еркежанның ата-анасы пробация қызметкеріне қарсы арыз жазбапты. Олар, керісінше, пробация қызметкері емес, судья мен прокурор жазаға тартылуы тиіс деп санайды.
“Іс резонансты болып кеткеннен кейін әйтеуір бір адамды кінәлі қылып шығарып, соны соттау керек болды. Бірақ басты кінәлілер сотталған жоқ. Ал пробация қызметкері төмендегі адам болғасын соған жаба салды. Мен прокурор мен судьяның жазаға тартылуын талап еттім, бірақ шағымым қаралмады. Антикор мен Жоғарғы сот бір-біріне сілтеді”, – деді марқұм Еркежанның анасы Индира Ерімбетова.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда 5 жасар қызды азаптап өлтірген Гайибназаровты бақыламаған пробация қызметкері сотталғаны айтылды.