Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар трактордың астында қалды (видео)

Түркістан облысында түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Кадлардан трактордың Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін Грейг қызғалдақтары өсіп тұрған алқапта жер жыртып жүргенін байқауға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде жарияланған кадрлардан гүлдеп тұрған Грейг қызғалдақтары өсіп тұрған аумақта жер жыртып бара жатқан трактор мен қызғалдақтар арасында суретке түсіп жүрген адамдар көрінеді.
Видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, желі қолданушылары сирек кездесетін өсімдіктерге зиян келтіргені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
"Адамдарға гүлді жұлуға болмайды, бұларға бола бере ме сонда", – деп жазды видео авторы.
Ордабасы ауданы әкімдігінің мәліметінше, видеодағы жер телімі жеке меншікке тиесілі. Әкімдік бұл аумақта бидай егілгенін атап өтті.
"Алайда қызғалдақтарды көруге келушілер егістік алқапқа өз бетінше кіріп, жерге және егінге зиян келтіру қаупін тудыруда. Осыған байланысты жер иесі тиісті арызбен құқық қорғау органдарына жүгініп, өз жер теліміне апаратын жолды уақытша жауып тастады", — делінген әкімдік хабарламасында.
Түркістан облыстық полиция департаменті видеоға қатысты пікір білдіріп, қызғалдақтарды жұлу дерегі тіркелмегенін хабарлады.
"Сонымен қатар ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған аумақта полиция қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған. Бұған дейін ескерту тақтайшалары да орнатылған. Сонымен бірге,орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, гүлдерді тамашалауға келген азаматтарға заңнама талаптары мен сирек кездесетін өсімдіктерді зақымдағаны немесе жойғаны үшін жауапкершілік туралы алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді", — делінген полиция хабарласында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға қызғалдақтарды жұлғаны үшін 13 миллион теңгеге дейін айыппұл салынатыны туралы жазған едік. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметі бойынша, сирек кездесетін өсімдіктерді жинауға ғана емес, сонымен қатар сақтауға, тасымалдауға және сатуға да тыйым салынады.
"Ит пен мысықты өлтіруге қарсымыз!": Қазақстандықтар қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шықты
Оқыңыз