Түркістан облысындағы 12 адамның қазасы: зардап шеккен үш адамның жағдайы айтылды
Фото: pixabay.com
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтангазиев Түркістан облысындағы жеке үйде болған өрттен аман қалған үш адамның жағдайы туралы айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенаттағы брифингте ол екі ересектің жағдайы тұрақты екенін және олар Шымкентте ем алып жатқанын хабарлады.
"Барлық зардап шеккендер Шымкентке жеткізілді, қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Баланың жағдайы ауыр, өте ауыр. Емдеуге Алматыдан мамандар қосылып, үнемі кеңес беріп отыр. Шымкентке де профильдік мамандар келіп, емді түзетті, жағдайды бақылап отыр. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", - деді Сұлтангазиев.
Өрт 18 қарашада Алғабас ауылында таңертең болған. Жеке үйден құтқарушылар 12 адамның мәйітін тапты, оның ішінде тоғызы балалар. Үш адам, оның ішінде 2018 жылы туған бала, жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккендердің бірі 1986 жылы туған ер адам үйден өз бетінше шыққан, денесінің 12%-ын күйік шалған. 19 қарашада оны Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен Шымкентке жеткізді. Келесі күні 1990 жылы туған әйел Шымкенттегі гипербарлық оксигенация орталығына жеткізілді. 21 қарашада жеті жастағы бала санитарлық рейспен жеткізілді.
Қайғылы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 292-бабы ("Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша тергеу жүргізілуде. Алдын ала деректер бойынша, өрт тұрмыстық құрылғылар қосылған ақаулы желілік фильтрден шыққан болуы мүмкін.
Жергілікті тұрғындар өрттің егжей-тегжейін айтып, құтқаруды сұраған айқайдың көрші үйлерге дейін естілгенін айтты.
Еске салсақ, 18 қарашада таңертең Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйден 12 адамның мәйіті табылып, тағы үш адам ауруханаға жеткізілген. Артынша қаза тапқан12 адамның жаназасы шығарылған еді.
“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды