Түркістан облысында 3 жасар баланы дәретханаға құлатып жіберген жасөспірім мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Фото: Otyrar.kz
Түркістан облыстық соты Сіргелі ауылының 16 жастағы тұрғыны жасаған атышулы істі қарады. Сотталушы кәмелетке толмағандарды өлтірді және өлтіруге оқталды деп айыпталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірінші оқиға 2024 жылдың 16 мамырында болған. Айыпталушы 3 жасар баланы дәретхана шұңқырына лақтырып жіберген. Салдарынан бала қайтыс болған.
Екінші оқиға сол жылдың 13 шілдесінде болған. Ол дәл осындай жолмен 5 жасар қызды өлтірмек болған. Бала аман қалған.
Сот-психиатриялық сараптама нәтижесінде жасөспірімнің ауыр психикалық ауытқушылықпен ауырғаны және оның өз әрекетінен бейхабар екені анықталды.
Сот оның ақыл-есі дұрыс емес деп таныды. Оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, қатаң бақылау жүргізілетін мамандандырылған психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Қаулы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Сарыағаш ауданында із-түссіз жоқ болып үш күн бойы іздестірілген үш жасар қыздың денесі әжетханадан табылғаны туралы жазған едік.
Деректерге сай, оқиға шағын Сіргелі ауылында болған. Бүлдіршін таңғы асты ішіп болған соң үлкендер әрлі-берлі жиналғанша із-түссіз жоқ болған. Кейін қызды ауыл болып үш күн іздеген. Ауылдағы барлық құдық, дәретхана, құбырлар сорғызылып қаралған. Алайда үш күннен соң бүлдіршіннің денесі қарама-қарсы көрші үйдің дәретханасынан табылған.

Алматы облысында жасөспірімдер неге зорлықпен қаза табуда: Жаға ұстатқан оқиғалар хроникасы
