Түркістан облысында жанармай бекетінде жарылыс болып, үш адам қаза тапты
Түркістан облысында жанармай бекетіндегі жарылыстан үш адам ажал құшты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Қайғылы жағдай 21 наурыз күні түстен кейін Шардара ауданы, Жаушықұм ауылында болған.
Жаушықұм ауылындағы жойқын жарылыс тас жол бойындағы жанармай бекетінде демалыс күні болған. Күндізгі 16:30-дағы оқиғадан ауыл тұрғындары әлі де ес жия алмай жүр. Апаттан 73 және 52 жастағы азаматтар оқиға орнында қаза тапса, 49 жастағы сол жердің жұмысшысы жансақтау бөлімінде бір тәуліктен соң бақилық болды.
"Жүргізуші ішіп алып ұйықтап кеткен бе, бекетке келіп трубаны жарды. Содан газ шығып, ол үйге қарай ұрған уақытта үйдегі пештен от шығып, қайта ұрады. Соны құтқарамын деп, іштегі жатқан шопырды құтқарамын деп өзі отқа оранды", – дейді марқұм Жамбыл Мамыровтың ағасы Сырлыбай Мамыров.Марқұм Жамбыл Мамыров үш жылдан бері үш баласымен жарылыс болған жанармай бекетінде тұрып, жалданып жұмыс істеген. Абырой болғанда апат кезінде 5 және 3-сынып оқитын балалары басқа жақта ойнап жүріпті. Өзі келіншегіне қаш деп ескертіп, сол жердегі жолаушыларды құтқаруға кеткен. Аман қалған екі ер адам ауруханада жатыр.
"Науқас Т-ның оң жақ иық, білек, шынтақ аймағының термиялық күйігі 10-15% көлемде. 1,2 дәрежелі. Бүгінде жағдайы орташа ауыр. Қазір ем қабылдап жатыр. Екінші науқас С-ның мойын аймағының термиялық күйігі 5-10%, жағдайы орташа ауыр. Ем алып жатыр", – дейді Шардара аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрғали Молдаханов.
Аудан әкімдігі болса, марқұмдардың отбасына қаржылай көмек берілгенін айтты. Өмірін қатерге тігіп, жанармай бекетінде тұрып келген Жамбыл Мамыровтың отбасына баспана беру жоспарда дейді. Сөздерінше, апат жүргізушілердің мастығынан емес, жүрек талмасынан болған.
"Қан қысымы көтеріліп, жүрек талмасы ұстап қалу себебінен газ қондырғысына барып, волга автокөлігіне соғылған. Болған жағдай бойынша қазір басқа да газ құю станцияларында тексеру жүргізіліп жатыр. Осылайша газ құю станцияларының талапқа сай-сай емесі анықталады. Осындай оқиғаның алдын алу үшін барлық түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр", – дейді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.
Үш адамның өлімімен аяқталған жанармай бекетіндегі жарылысқа қатысты қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды сатып, адам өліміне әкелу бабы бойынша қозғалған істе әзірге ешқандай күдікті жоқ.