Түркістан облысында жаңа зауыт салынбақ
Фото: Қазақстанның Даму банкі
“Бәйтерек” холдингінің құрамындағы Қазақстанның Даму банкі мен “Taiqonyr Qyshqyl Zauyty” ЖШС жылына 800 мың тонна өнім шығаратын ірі күкірт қышқылы зауытын салмақ. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін екі тарап кредиттік желі ашу жөнінде келісімге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нысанды Түркістан облысындағы Тайқоныр елді мекенінде, уран кен орындарының маңында салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 113 миллиард теңге. Технологиялық серіктес ретінде толық инженерлік цикл бойынша жабдықтарды жеткізуші және лицензия иесі – италиялық Ballestra компаниясы.
Жаңа зауыт Қазақстанның күкірт қышқылын импорттауға тәуелділігін едәуір азайтуға бағытталған. Бұл зат – уранды жерасты шаймалау әдісімен өндіруге қажет негізгі реагент. Өнімнің негізгі тұтынушысы – "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ. Жоба уран өнеркәсібіндегі жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Құрылыс кезеңінде 500 адамға дейін, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 274 маман жұмыс істейді. Нысан құрылысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Шымкентте қоқыс зауытының жұмысы тұралап тұрса да, билік Қытаймен бірігіп тағы бір зауыт ашатыны туралы жазған едік.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
