Түркістан облысында суретке түсемін деп суға ағып кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті үш күннен соң табылды
Түркістан облысында селфи жасаймын деп Сайрам-су таулы өзеніне құлап кеткен 16 жастағы қыздың мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар департаменті
Облыстың Төтенше жағдайлар департаменті өзенге батып кеткен қыздың денесін іздеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
"31 шілдеде Төлеби ауданында суға кеткен қыздың денесін табу бойынша іздеу жұмыстары қайта жанданды. Іздеу жұмыстары өз нәтижесін берді. Дәлірек айтсақ, сағат 16:10-да Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мәйітті тауып, полицияға", – делінген хабарламада.
Марқұмның денесі оқиға орнынан 500 метр жерде, ағыстың төменгі жағынан табылды.
Еске салайық, Оқиға 28 шілде күні Түркістан облысында болған. Құтқарушылар қызды Сайрам-Су арнасынан үш күн бойы іздеді.
Куәгерлердің айтуынша, 16 жастағы қыз суретке түспек болған. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, тайып, өзі тұрған жиектен шығып кеткен. Күшті ағынмен ол тастардың арасында қысылып, шыға алмаған.
Суға құлаған қызды құтқарушылар Сайрам-Су өзенінің арнасынан, жағалау сызығынан, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан іздеген.