Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында студент қызды жол бойында зорлап өлтірген мигрант өмір бойына сотталды

Түркістан облысында студент қызды жол бойында зорлап өлтірген мигрантқа сот үкімі шықтыВидеодан скрин 

Түркістан облысында студент қызды жол бойында зорлап өлтірген мигрантқа сот үкімі шықты. Бойжеткенді қорлағанымен қоймай буындырып ажал құштырған шетелдік енді өмірінің соңына дейін Қазақстан түрмесінде жазасын өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

7 айға жалғасқан сот нәтижесінде оның кінәлі екені толық дәлелденген. Судья сөзінше бұған видеокамерада жол бойынан қыздың өтіп бара жатқаны, артынан наубайханашының жүргені көрінген. Сот-медициналық сарапатамасының нәтижесі де оның зорлағанын толық дәлелдеді дейді.

38 жастағы үш баланың әкесі жұмыс істеу үшін елімізге былтыр келген екен. Содан бері Төрткүл ауылындағы наубайханада нан жауып нәпақа тапқан. Сөйтіп жүргенде маңайдағы дүкен иесінің қызына көзі түсіпті. Әдеттегідей нан өткізіп, тапқан ақшасына сырға алған дейді судья.



"Азық-түлік дүкенінен кәмелетке толмаған жәбірленуші 2009 жылы туған дүкенде көріп, оған әдеттегідей нан өткізіп, нан ақшасын алып күткен. Түнгі бір шамасында ешкімнің жоқтығын пайдаланып, күш қолданып, зорлау және сексуалды сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған. Одан кейін сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқан", – дейді Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дәурен Мадалиев.

Жабық өткен соттың соңғы отырысына марқұмның ата-анасы келген жоқ. Ал, сотталушының өзі де әкесі де үкіммен келіспейді. Жала жабылды деген олар апелляцияға береміз дейді. Айта кетейік, сот моральдық шығын ретінде 50 миллион теңге өтемақы тағайындады.

Түркістан облысында студент қызды жол бойында зорлап өлтірген мигрантқа сот үкімі шықты

Видеодан скрин (күдіктінің әкесі)

"Экспертизаны 1-2 рет алу керек. Менің баламнан 5 рет экспертиза алды. Қайта-қайта. Ең соңғысы 18 қазанда болды. Болуы мүмкін, болуы мүмкін деп барлығынан шығып жатыр ғой. Қасында істегендерден де болуы мүмкін деп шығып жатыр. Балама жала жапты", – дейді сотталушының әкесі Абдімомын Саммудинов.

Еске салайық, қайғылы жағдай биыл 7 маусымда Ордабасы ауданында болған еді. Бойжеткеннің жансыз денесін жол бойынан тұрғындар тапқан. Белгілі болғандай ол 16 жастағы сол ауылдың тұрғыны екен. Шымкенттегі медицина колледжінің 1-курс студенті демалыста ата-анасына жәрдем беру үшін дүкенге шығыпты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол күні ол отбасылық дүкенінен үйіне қарай шығып кеткен. Алайда сол кеткеннен із-түссіз жоғалып, түні бойы іздегеннен нәтиже болмаған. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 19:32