Түркістан облысында Шөкеевтің кезінде 9 млрд теңге бөлінген жағажайға тағы 5 млн доллар салынбақ
Видеодан скрин
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өзінің алдындағы әкім Өмірзақ Шөкеевтің кезінде 9 миллиард теңге бөлінген жағажай жобасының тағдыры не болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Бүгінде бізде инвестор бар. Біз онымен барлық келісімдерді пысықтадық. Қазір келісімшартты рәсімдеу кезеңінде тұрмыз. Келесі жылдан бастап инвестор 5 миллион доллардан астам қаржы салып, аталмыш жағажайды дамытуға кіріседі", – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Еске салсақ, биыл жазда әлеуметтік желілерде қымбат жағажайдың фотолары жарияланған еді. Су қоймасында су гүлденгендіктен ешкім шомылмайды, ал инфрақұрылымына келсек, жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер толық аяқталмаған және бүлінген күйі тұр.
Бұған дейін Түркістандағы аяқсыз қалған 9 миллиард теңгелік жағажайдың жағдайын көрген қазақстандықтар жаға ұстағаны туралы жазған едік.
Істің анық-қанығын білу үшін редакция Түркістан облысының әкімдігіне сауал жіберді. Әкімдіктегілер "шалшық көлге" қатысты экономикалық тергеу департаменті тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу департаменті енді жоба аясында атқарылған жұмыстардың көлемін анықтап жатқан көрінеді.
"2024 жылдың ақпанында сараптама жүргізу үшін нысан қайта қаралды, қорытындысы шығады. 2023 жылғы су тасқыны кезінде көлге артық су жиналып, нысанға зиян келтірілді. Көлді толыққанды пайдалануға беру үшін "Кенсай-Қосқорған-2" су қоймасынан тұрақты су беру қажет. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтатылған. Жұмыстың бірінші кезеңінде саябақ салу, аумақты функциялық аймақтарға бөлу (белсенді демалысқа арналған спорт аймағы, гольф алаңы, балалар ойын алаңы) болған еді. Алайда жобаның тиімсіздігіне байланысты құрылыс басталған жоқ, жоба-сметалық құжаттама әзірленбеген", – деді Түркістан әкімдігі.
Осы ретте әкімдік жасанды “Шаға” көлі жобасының екі кезеңіне жалпы 9,3 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Бірінші кезеңге – 7,2 миллиард теңге (құрылыс-монтаждау жұмыстары – 6,6 миллиард теңге, жобалық-сметалық құжаттама – 215,7 миллион теңге, инженерлік қызметтер – 183,5 миллион теңге) бөлінген. Екіншісіне – 2,1 миллиард теңге. Бірақ бұл учаске бойынша жұмыстар жүзеге асырылған жоқ. Жоспарланған жұмыстарға көлді қоршау, көгалдандыру, суару жүйесі, сыртқы жарықтандыру, көпірлер, сорғы станциясы, көлді айналдыра жол салу және К-3 каналының құрылысы жүргізілуі керек еді.
Әкімдік "Кенсай-Қосқорған-2" су қоймасынан су тұрақты түрде берілсе, нысан толыққанды жұмыс істейтінін ескертті.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады