Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 12 перзентін дүниеге әкелген 45 жастағы ана көпбалалы отбасы болудың ерекшелігін айтты

Роза Бейсенбі – Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қарааспан елді-мекенінің тұрғыны. Өмірге он екі перзент әкелген ана. Қырық бес жастағы келіншек кенжесін төрт ай бұрын ғана босанған екен. Айтуынша қырықтан асқанда ана атанамын деп жоспарламаған. Алайда, Алланың қалауы сол болып, одан әрі бақытқа кенелдім дейді. Роза Бейсенбі Stan.kz тілшісіне көпбалалы отбасы болудың құпиясымен бөлісті. 

Фото: Роза Бейсенбінің жеке дерекқорынан

Роза Бейсенбі қырық бес жасында ана атанамын деп ойламағанын жеткізді.

“Кенжетайым жоспарланбаған, күтпеген жерден келген жаратқанның сыйы болды. Екі мың жиырма төртінші жылдың мамыр айында босандым. Он екінші рет әке атанғанына жолдасым да дән риза болды. Қазір ауыл, туған-туыс, дос-жаранның бәрі қызыға қарайды, он екі балалы ана деп ерекше ілтипатын білдіреді. Құрмет көрсеткенде қуанып қаласың” дейді Түркістан облысының тұрғыны Роза Бейсенбі. 

Көпбалалы ана тұрмысқа мектеп бітірген жылы шыққан екен. Өзі туып-өскен Қарааспан ауылына, қыпшақ руына 1996 жылы келін болып түсіпті. Айтуынша сол кезде кең таралған алып-қашу болмаған. Өзінен төрт жас үлкен азаматтың сезімін қабыл алып, махаббатпен тұрмысқа шықтым дейді. 

Фото: Роза Бейсенбінің жеке дерекқорынан

“Қазіргі жастардың тілінде айтқанда махаббатпен тұрмысқа шықтым. Қазір бәрі балалықпен болғанын түсінем. Десе де сол жауапкершілігі мол шешімге ешқашан өкінген емеспін. Өйткені барған әулет мені құшақ жая қарсы алды. Енем өз қызындай көріп, тәрбиеледі. Келін болып түскенімде білгенімен білмейтінім көп болды ғой. Ол үшін ешкім кемсітпеді. Қайта күйеуімнің анасы өз білгенінің бәрімен бөлісті. Мен де ыдыс-аяқ сылдырласа, шу шығармауға тырыстым. Соның себебі шығар, шаңырақ шайқалған жоқ” дейді көпбалалы ана. 

Он екі бала туған келіншек бүгін әже атанып үлгерген. Жиырма алты жастағы тұңғыш қызын Жамбыл облысына ұзатып, екі жиен немере сүйгенін айтады.  Ал, өзі қазір Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қарааспан ауылындағы балабақша тәрбиешісі. Үйіндегі он екі баланы ғана емес, ел баласын тәрбиелеп жүрген Роза ханым жұмысынан рақат алатынын айтады.

“Жұрт үйімде шулаған бала мен бөбекжайдағы баладан мезі болмады ма?” деп ойлайтын шығар. Бірақ бала деген таза энергетика ғой. Оларда өтірік айту, қастандық жасау сияқты үлкендерде кездесетін сүйкімсіз қылық болмайды. Кішкентайлардың ойы да, өздері де сондай таза болады. Көпбалалы болған соң бала ебім де ерекше. Сондықтан жұмысымнан рақат алмасам, жалықпаймын. Үйге барғанда да шүбірлеп перзенттерім күтіп алады. Бұл әркімге бұйырмайтын бақ қой?!” дейді Роза Бейсенбі. 

Фото: Роза Бейсенбінің жеке дерекқорынан

Он екі баланың анасы, екі немеренің әжесі кейінгі бойжеткендердің жұмыс деп жеке өмірді кейінге қалдыруына да қарсы. Сөзінше отбасы мен мансапты да қоса алып жүруге болады. Жанұялы болғасын да биік белеске жетіп жатқандар бар дейді алтын алқа иесі. Ал, байлық пен құрметке кенелемін деп жүріп, өз бақытыңа кешігіп қалуың ғажап емес деп ескертеді.

“Мұнша баламның барына ешқашан ұялған емес. Және олардың ешқайсысын арнайы жоспармен туған жоқпын. Құдай жатырыма жан бітірді, мен оны қабыл алып, аман-есен босануға тырыстым. Қазіргі жастардың бірінші кезекте қаржыны ойлап тұратынына да қынжылам. Бақыт деген байлықта, атақта емес. Бақыт деген сені түсінетін жардың жаныңда жүруінде, артыңнан ерер ұрпақтың дүниеге келуінде және өзің өмірден өткен соң сен жайлы сағынышпен айтылатын жып-жылы естеліктерде. Қалғанының бәрі өткінші. Міне, менің өмірлік құндылығым осы” дейді Роза ханым. 

Роза Бейсенбі әлі күнге дейін әулеттің үлкендеріне сәлем салатын ізетті келін. Енесімен де ешқашан шай деспеген. Сөзінше “ене мен келін жау” деген жай ғана маңызы жоқ пікір. Бәрі де адамның қарым-қатынасында дейді. 

“Енеме үнемі кіші екенімді білдіріп иіліп тұрдым. Одан мен кішірейіп, құрметсіз қалған жоқпын. Қайта үлкенді сыйлап, өзім де сыйлы болдым. Бүгін-ертең өзім де ене атануға дайындалып жүрмін. Енем мені бауырына қалай басса, мен де келінжанды дәл солай құшақ жая қарсы алғым келеді. Өмір деген солай алма-кезек. Сыйластықтың құтын қашырмай, үйдің түтінін түзу шығару деген өмірлік ол менің өмірлік миссиям” дейді алтын алқа иесі Роза Бейсенбі. 

Сегіз қыз, төрт ұлдың анасы бойына тағы да бала бітсе қарсылық болмайтынын айтады. Алайда, енді немере сүйетін кез келді деп тойға қамына кірісіпті.

Талқылау