Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында мүгедектігі бар жанды 12 жыл бұрын үй кезегінен заңсыз алып тастаған

үй кезегінен шығарылған Ақжол Ниязов

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғыны Ақжол Нияз 12 жыл бұрын тұрғын үй алу кезегінен заңсыз шығарылған. Оның заңды өкілі, туған інісі Данил Нияз жағдайдың анық-қанығын білу үішн прокуратураға шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бірінші топтағы мүгедек Ақжол Нияз 2013 жылы үй кезегіне тұрған. Бірақ ойда жоқта өзінің заңсыз кезектен шығарылғанын білді.

“Өткен жылдан бері Темірланда үйлер салына бастағанын естіп, әкімдікке бардым. Сұрағанымда олар ағамды тұрғын үй кезегінен алып тастағанын айтты. “Неліктен?” деген сұрағыма, “оның атына тіркелген үйі бар” деп жауап берді. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды”, – дейді Данил Нияз. 

Ағасының тегін тұрғын үй алу құқығын қорғау үшін Данил Нияз прокуратураға шағыммен жүгінді. Қадағалау органы тексеру жүргізді.

“Жүргізілген тексеру нәтижесінде азаматтың заңсыз кезектен шығарылғаны анықталды. Осыған байланысты тиісті ұсыныс енгізіліп, тұрғын үй бөлімі басшысы мен жауапты қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде кезек қайта қалпына келтіріліп, Ақжол Ниязовқа пәтер берілді”, – деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.

2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында 15 400-ден астам мүгедектігі бар азамат құқықтары бұзылғаны туралы шағым түсіріп, Түркістан облысының прокуратурасына жүгінді. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде олардың құқықтары қорғалды. Жалпы өңірде 100 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 08 Шілде, 2025 08:54
Талқылау