Түркістан облысында көкпар соңы төбелеске ұласты: 20 жастағы жігітке бір топ адам жабылып, соққыға жыққан

Түркістан облысында көкпар соңы төбелеске ұласты. Топ адам 20 жастағы жігітті жабылып ұрып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұмдығы жәбірленуші Акбаржан Әбдімажитовтың хал үстінде жатқанына қарамастан басына секірген дейді туыстары. Осыдан кейін оны көлікке тиеп өлімші күйде айдалаға тастап кеткен. Ашынған ата-ана күдіктілердің сол күйі қамалмағанына наразы. Сөздерінше, қарулы топтан екі ғана адам жауапқа тартылып, үйқамаққа жіберілген.
Оқиға Сайрам ауданында апта бұрын болған. Видеодан бір жігіттің құлап түсіп, басқалары оның басына секіргенін байқауға болады. Бірге келген 5 досынан айырып, өзін ұрып-соғып айдалаға апарып тастаған дейді ағасы. Өлім аузында жатқан жігітті туыстары мал соятын елсіз аумақтан екі сағат өткенде таптық дейді.
"Күндіз көкпар ойын алаңында Азиз деген баламен Акбаржан балам ерегесіп қалған. Кешке қарай Азиз есімді бала Акбар балама телефон соғып, сағат 21:00-де мектептің алдына шақырған. Біздің бала ол жерге барған кезде 25-30 шақты адам болған. Баланың басынан теуіп 5-10 минут қинаған", – дейді Акбаржан Әбдімажитовтың туысы Мамадкарим Ниязтаев.
20 жастағы жігіт бір аптадай жансақтау бөлімінде жатып, енді ғана палатаға ауыстырылған. Акбаржан есін әлі толық жимаған. Оған қазір тергеушілерге жауап бермек түгілі, сөйлеудің өзі қиын. Ал, қасындағы екі досының мұрны сынып, біреуі үйіне жіберілген екен.
"Жалпы үш науқас келген. Медициналық көмекке жүгініп. Оның ішінде біреуі жағдайы ауыр жағдайда болған. Ол сол уақытта тексерулерден өткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бір науқас жағдайы орташа ауырлықта жарақат бөліміне ем алуға жатқызылған. Бір науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаторлық емге жіберілген", – деді Сайрам аудандық көпбейінді орталық ауруханасының дәрігері Фарух Шадиев.
Баласынан айрыла жаздаған ата-ана қазір аурухана алдын күзетуге мәжбүр. Өйткені 5 жігітке жабылған 25 адамның біреуі де қамалған жоқ дейді олар. Бүгінге дейін не адам ұрлау, не денсаулығына аса зиян келітур бабы бойынша іс қозғалмады дейді.
"Қолдарында пышақ, біреуінде тапанша болған, кейін қолға тағып ұратыны кастет болған дейді. Біз де қауіп төне ме деп күдіктенеміз ғой енді. Оның үстіне ол балалар бостандықта жүр. Келіп балаға тағы қоқан лоққы көрсете ме деп қорқамыз", – дейді жәбірленушінің әкесі Шавкад Усманов.
Ал Түркістан облысының полиция департаменті болса топтық төбелесте екі адамның күдікке ілініп, қамалғанын мәлімдеді. Кейін олардың үйқамаққа жіберілгенін де мойындады.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр