Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

11 миллиондық айыппұл: Түркістан облысында қызғалдақ жұлған қызға қатысты іс тоқтатылды

Фото: pixabay.com

Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлғаны үшін миллиондаған айыппұл салынуы мүмкін болған қызға қатысты тергеу тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2024 жылы облыстың 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіге Қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдағының гүлдерін жұлып, олардан гүл шоғын жасаған видеосын жариялаған. Полиция қыздың жеке басын анықтап, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктермен заңсыз әрекет ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Қызға 11 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін еді.

Алайда, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тергеу тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл шешімді прокуратура бекітті.

"Көктемде полиция экология заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Түркістан облысындағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өсетін аймақтарда ескерту тақтайшалары орнатылған", – делінген хабарламада.



Осыған ұқсас жағдай биыл да болды. Сәуір айында Құдайберген Жұбанов атындағы ауыл округінің әкімі Ляззат Бердібаева WhatsApp статусына қолында дала қызғалдағы бар суретін жүктеген. Бұл жағдай қоғамда резонанс туғызып, полиция бұл гүлдердің сирек әрі қорғалатын түрлерге жататын-жатпайтынын анықтай бастады. Кейін әкімнің өзі гүлдерді балаларының жұлып алғанын айтқаннан соң, оны кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Алайда, Ақтөбе облыстық соты әкімге қатысты істі уақытша тоқтатты, себебі Бердібаеваның қолындағы қызғалдақ түрін нақты анықтау мүмкін болмаған. Кейін сот әкімшілік істі құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтату туралы шешім қабылдаған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 18:01
Талқылау