Қазақстандық полицейдің жесірі күйеуінің футбол ойнап жүріп қаза тапқаны үшін 14 миллион теңге өндіріп алды
Видеодан скрин
Түркістан облысында қаза тапқан полицейдің жесірі күйеуінің өлімі үшін 14 миллион теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция капитаны Т. 2008 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келген. Ол 2022 жылдың 6 қазанында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметтік дайындық аясында ұйымдастырылған мини-футбол ойыны кезінде қайтыс болды. Қайтыс болу жағдайына қарамастан, Полиция департаменті бұл өлімді қызметтік міндеттерін атқарумен байланыстырмай, өтемақы төлеуден бас тартты.
"Өзінің талап-арызында марқұм полицейдің жесірі жұбайының қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқанын көрсетіп, біржолғы өтемақы, моральдық шығын үшін өтемақы төлеуді және комиссия шешімдерінің күшін жоюды талап етті. Ал жауапкер тарап "құқық қорғау қызметі туралы" заңына сілтеме жасап, талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады", – делінген Түркістан облыстық сотының хабарламасында.
Айта кетейік, егер қызметкер қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапса, оның туыстарына 60 айлық жалақы көлемінде біржолғы өтемақы төленуге тиіс. Қаза тапқан азамат инспектор қызметін атқарған, жалақысы шамамен 247 мың теңге болған. Қызмет өтілі – 7 жыл.
"Полицейдің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны анықталды. Осыған байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінен 14 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді", – деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы жазған едік.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
