Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында ер адам жүкті әйелін тексергені үшін фельдшерді соққыға жықты

Түркістан облысында ер адам жүкті әйелін тексергені үшін фельдшерді соққыға жықты

Фото: Видеодан скрин

Түркістанда жүкті келіншек түсік тастау қаупімен жедел жәрдем шақыртқан. 26 жастағы фельдшер әйелді тексермек болғанда күйеуі жедел жәрдем қызметкерін ұрып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жанына тәжірибеден өтіп жүрген қызды ертіп алып, шақыртуға келген фельдшер Құдырет Мүтәліпов соқыр ішектен күдіктеніп, аяғы ауыр келіншектің ішін ұстап тексерген. Бірақ мұнысы күйеуіне жақпай қалған. Әйеліне бөтен ерекектің қолы тигеніне ашуланған ол фельдшерді оңбай соққыға жыққан.

“Алдымен бетінен жұдырықпен ұрды, оң жақ бетінен ұрды. Ұрған кезде басы қабырғаға соғылып, отырып қалды. Аяғымен бар күшімен бетінен тепті. Мең-зең болды. Кейін аяғымен үшінші рет тепті. Сол кезде иығына тиді. Иығына тигеннен кейін, анасы артынан құшақтап ажыратып алды”, – дейді оқиғаға куә болған практикант.

Науқастың күйеуінен таяқ жеген Құдырет Мүтәліпов ауыр соққылардан уақытша есін жоғалтқан. Оқиға болған күн мүлдем есінде жоқ. Ақхалаттылардың айтуынша, науқас екі аптадай уақыт емделуі керек.

“Тиісті диагностика зерттеуі жүргізіліп, жабық бас жарақаты, миының шайқалуы, көзінің жұмсақ тіндері зақымданған, гематома диагнозымен травматология бөлімшесіне жатқызылды. Қазір науқастың денсаулығы орташа ауыр. Тиісті мамандардың кеңесі тағайындалды”, – дейді Түркістан орталық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Берденов.

Қызметкері соққыға жығылған Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясы басшылығы фельдшер емделіп, жазылғанша оның жұмыс орны сақталатынын айтты. Сондай-ақ еш себепсіз медицина қызметкеріне жұдырық ала жүгірген ер адам мен жәбірленушінің туыстары өзара келісімге келген.

“Біздің қызметкер кешірім берген. Қос тарап сөйлесіп, ол кісіге кешірім берген. Ешқандай арыз берілмеген. Полиция қызметі шақырту ала сала, негізі, тіркеуі керек. Бізден жедел жәрдем барды. Біз еңбек инспекциясына жазып қойдық, Ауруханадан денсаулығы жайында анықтамасын аламыз, оны да еңбек инспекциясына жолдаймыз”, – дейді Түркістан облысы жедел жәрдем станциясының заңгері Нұрмұхан Абдулла.

Болған оқиға жайлы полиция түсініктеме бере алмайды. Фельдшерді ұрған ер адам туралы да еш ақпарат жоқ.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 28 Тамыз, 2025 08:52
Талқылау