"Күшпен жыныстық қатынас болды": Түркістан облысында 15 жастағы қыз әскери қызметкерден жүкті болып қалғанын айтты
Фото: Видеодан скрин
Түркістан облысында әскери қызметкерден жүкті болып қалған қыз 16 жасында босанды. Кәмелетке толмаған жәбірленуші жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген әскери қызметкер тиісті жазасын алуын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
16 жасында ана атаған Түркістан облысының тұрғыны 23 жастағы әскери қызметкермен былтыр көктемде танысқан. Оның айтуынша, әуелі әлеуметтік желіде сөйлескен екеуі кейін кездесіп, соңында ер адам пәтерге ертіп апарған.
“Күшпен жыныстық қатынас болды. “Ешкімге айтпа. Жұмыстан шығарып жібереді. Мен органда істейтін адаммын білесің” деді. 15 жасымда көтеремін. Ауруханаға есепке тұруға барған кезде аудандық ішкі істер басқармасын шақырды. Тергеуші іс қозғалатынын айтты”, – дейді жәбірленуші.
Жігіттің жақындары жағдайды ушықтырмауға көндіріп, қызға сырға салып алып кеткен көрінеді. Бірақ бойжеткен бала көтеріп, қылмыстық іс қозғалған. Осылайша, жүкті қыз үйіне кері қайтыпты.
Полиция іс қозғағанымен тергеу созбалаңға салынып, бес айдан бері жылжымаған.
“5 айдан бері ештеңе істеп жатқан жоқ. Бәрі қысқартып тастады. “Табылады, табылады” дейді тергеушлер. Баланы Жетісайдан шықпаған деп отыр. Жетісай алақандай жер ғой. Тауып алса жеті атасымен тауып алады ғой. Іздеп жатырмыз дейді болды тек”, – дейді ашынған қыз.
Кәмелет жасына толмаған қыз бір ай бұрын босанған. Қазір кішкентай сәбиін әкесіз өзі бағып отыр. Ал полиция тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бірақ өзге ақпаратты жария етпеді.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде, оның қорытындысымен процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Тұркістан облысы полиция департаменті.
Психологиялық соққы алған жасөспірім көшеге шығудан қалған. Тіпті, өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда туыстары дер кезінде араша түскен екен.