"9-сынып оқып жүргенде үйленген": Түркістан облысында жасөспірім босанған соң "күйеуі" ұсталды
Фото: Threads.com/zhazirabegaly_tv
Түркістан облысында 21 маусымда 16 жастағы қыз босанды. Оны 9-сынып оқып жүргенде бұрынғы әскери қызметкер оған үйленіп, 6 ай өткен соң үйіне қайта апарып тастаған деген ақпарат тарады. Желі қолданушысының сөзінше, күдікті ер адам 23 жаста, әскери қызметкер. Дегенмен Түркістан облысының полиция департаменті күдіктінің әскери қызметкер екенін растамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдайды журналист Жазира Бегалы бөлісті. Қызды алып қашқанда өзі "өз еркіммен келдім" деген қолхат берген деген желеумен істі жылы жауыпты.
"Түркістан облысында 16 жастағы жасөспірім босанды. 9-сынып оқушысының етегін түріп, қылмыстық іс қозғалмасын деген даудан қашып, үйленіп, 6 айдан кейін қызды төркініне әкеп тастаған еркек 23 жаста. Күдікті – әскери қызметкер. Қорғаныс саласында заң мен адам құқығын аяқасты ететін адамдар не істеп жүр? 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу қылмыстық іс! Оң мен солын танымайтын 15 жастағы қызға “өз келісіміммен келдім “ деп қолхат жаздырып, істі жылы жапқан", – деп жазды ол желіде.
Қыздың туыстарының айтуынша, жыныстық қатынас қыз 9-сынып оқып жүргенде болған. Содан кейін екі жақ келісіп, кәмелетке толмаған қызды 23 жастағы жігітке үйлендірген. Қыз учетқа тұрайын дегенде ол жерге Ішкі істер министрлігінің аудандық бөлімінен адам келген. Қыз соның көзінше “өз еркіммен келдім” деп қолхат жазып берген.
Ал жігіттің ата-анасы мен туыстары қыздың мектеп оқушысы екенін тойға мұғалімдер келгенде білдік дейді.
Қыздың айтуынша өзі Астанаға шағымданған, алайда екі айдан бері ешнәрсе өзгермеген. Бүгінде қыздың анасы – отбасының жалғыз асыраушысы.
Ішкі істер министрлігі Stan.kz сайтына берген жауабында Түркістан облысы Полиция департаменті Жетісай ауданының Полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 122-бабының 1-бөлігі бойынша 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс тіркелген уақытта күдікті әскери қызметкер болмаған. Өзге ақпарат Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды", – деп жауап берді ІІМ баспасөз қызметі.
Ал журналистің жазуынша, дәл осы баппен іс бір жыл бұрын тіркелген. Бірақ нәтижеден хабар жоқ.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
