Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 12 адам қаза тапқан өрттің алдын ала себебі аталды

Видеодан скрин

Түркістан облысының Жетісай ауданында 12 адам қаза тапқан өрттің алдын ала себебі аталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрттің шығуына ақауы бар электр ұзартқыш себеп болды деген нұсқа бар.

“Қазір өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына істен шыққан электр ұзартқышы себеп болуы мүмкін. Барлық қызметтердің мамандары жұмысын жалғастырып жатыр”, – делінген министрлік хабарламасында.

"15 сағат бұрын ғана сүндет той өткізген": Түркістан облысында өрттен қаза тапқан 12 адамның жаназасы шығарылды

Түркістан облысындағы өрт кезінде 12 адам терезедегі тордың кесірінен шыға алмай қалған


Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков Jibek Joly арнасына берген сұхбатында өртенген үйдің құрылысы жақында ғана аяқталғанын атап өтті. 

“Оқиға орнында облыстық төтенше жағдай департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі, электр жабдықтарын қосатын желілік фильтрдің ақауынан болуы мүмкін. Дегенмен өрт сынақ зертханасы сараптамасының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып, қосымша ақпарат беріледі”, – деді Жасұлан Айнабеков.

Еске салсақ, бұған дейін 18 қарашада таңертең Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында екі қабатты үй өртеніп, 12 адам қаза тапқан еді. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев оқиға орнынан өртті қасақана шығару немесе басқа қылмыстық ниет белгілері анықталмағанын мәлімдеді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 19:19
Талқылау