Түркістан қаласына жаңа әкім тағайындалды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Әзімбек Пазылбекұлын Түркістан қаласының әкімі етіп тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Түркістан әкімдігі
Жаңа әкімді облыс әкімі Дархан Сатыбалды таныстырып, жаңа басшының алдында қаланы дамыту, туризм мен экономикалық әлеуетті арттыру, сондай-ақ Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыру сынды маңызды міндеттеріне тоқталды.
Әзімбек Пазылбекұлы 1991 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, М.С. Нәрікбаев атындағы мемлекеттік заң университетін және "Болашақ" университетін мемлекеттік және жергілікті басқару, экономика, құрылыс және құқық мамандықтары бойынша оқып шықты.
Еңбек жолын 2013 жылы Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болып бастаған. 2015 жылы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. Сондай-ақ ұлттық экономика министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінде сарапшы және аға сарапшы қызметтерін атқарған.
2017 жылдан бастап инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде бас сарапшы және басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ Пазылбекұлы инвестициялар және даму министрлігі, сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ведомстволарын басқарды. 2023 жылдан осы уақытқа дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.