Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан халықаралық әуежайы 14,3 миллион теңге айыппұл арқалады

Фото: 2Gis

Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “Түркістан халықаралық әуежайы” АҚ-ны монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 14,3 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті авиаотынды бөлшек саудада сату нарығына талдау жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша әуежайға қатысты тергеу басталды.

Монополияға қарсы орган әуежайдың нарықта үстем жағдайға ие бола отырып, авиаотын сатумен айналысатын кәсіпкерден әуежай аумағында жұмыс істеу құқығы үшін қосымша ақы алғанын анықтады. Ведомство мұны жасалған келісімнің мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді жүктеу деп бағалады. Ал бұған кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы 4-тармақшасына сәйкес тыйым салынған.

Сот әуежайды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 14,3 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 15:41