"Түркітілдес халықтардың ғасырлық тәжірибесін көрсетеді": Астанада музыкалық аспап жасаушылардың шеберлік сағаты өтті

25 қарашада Астана қаласында түркі халықтарының мәдени- рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған "Әлем әуені" халықаралық өнер фестивалі аясында "Өнер" музейінде шеберлік сабақтары өтті. Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Мажарстаннан өнертанушылар, этнографтар, дәстүрлі музыкалық аспап шеберлері, консерватория профессорлары, оркестр және музей өкілдері, өнер шеберлері қатысты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фестиваль Астана қаласы әкімдігі және Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен өтті. Шараның мақсаты – түркі дүниесінің ортақ музыкалық мұрасын ғылыми, шығармашылық және қолданбалы деңгейде зерделеу, халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту және дәстүрлі өнердің заманауи дамуына жаңа серпін беру.

"Мәдениеті мен әдебиеті ортақ түркі тілдес халықтардың фестиваль аясында бас қосуы тәжірибе алмасып, елдер арасындағы достық қатынасты нығайту, мәдени көпірді қалыптастыру. Біздің тарихымыз мен өнеріміз ортақ. Сондықтан, мақсатымыз сол мәдени мұрамызды жаңғырту арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын рухани дүниелерімізді насихаттау. Музейдің "Жошы" ансамблі қазақтың саз-сырнай, домбыра, керней, сыбызғы, қылқобыз, дабыл, дауылпаз, шеңкілдек, сертер және т.б. аспаптарында ата-бабамыздан қалған бай фолькорымызды, өнер туындыларын орындап, қазақтың музыкалық аспаптарының мүмкіндігі мен сұлу, әсем үнін паш етті, – дейді Астана қаласы әкімдігінің "Бірлескен мұражайлар дирекциясы" МКҚҚ директорының орынбасары және "Өнер" музейінің директоры Баянды Сахарияұлы.
Оның айтуынша, бұл қазақтың этнограф ғалымдарының еңбегі негізінде қайта жаңғырған аспаптар.Ансамбь мүшелері өздері өнер шеберлері, ұмытылып қалған аспаптарды қайта жаңбыртып қатарға қосуда.
“Бұл аспаптардың кейбірі түркі халықтарында бар дүниелер. Жалпы қазақ халқында 120 музыкалық аспап бар десек, кейбірін әдеби шығармалар негізінде қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізіп жатырмыз", – дейді ол.

Түркі елдерінің озық шеберлері тәжірибелік сабақтар барысында дәстүрлі музыкалық аспаптапды таныстырып, әр келушіге оның қалай жасалатынын көрсетті. Сондай-ақ, әлемнің жетекші шеберлері әзірлеген бірегей музыкалық аспаптар музей қорына ресми түрде табысталды. Музейге қырғыз қылқияғы, түрік кеманчасы, өзбек дутарыжәне мажар фурульясы сыйға тартылды. Бұл аспаптар әр ұлттың дәстүрлі музыкадағы өзіндік үнін, қолөнер ерекшеліктерін және ғасырлық тәжірибесін көрсететін құнды мәдени жәдігерлер. Экспозиция фестивальдің ғылыми-шығармашылық бағдарламасының жалғасы ретінде ұсынылып, түркі елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық музыкалық құндылықтарды жүйелі түрде насихаттауға бағытталған.

"Маған ансамблдің ұлттық аспаптарда орындаған туныдылары қатты ұнады. Өнерпаздардың орындау шеберлігі өте жоғары. Бұл жерде түбі бір түркі халықтарының ортақ мұрасы сезіледі. Әсіресе, балаларға арнап жасалған жетіген көзіме оттай басылды. Өзбекстанда да осындай дүниелер жасалады. Бізде балалақшаларда бір ішекті жетіген үйретіледі. Соңғы жылдары мектептерге де енгізіліп жатыр.Бұл түркі тілдес халықтар арасындағы рухани байланыс десек болады", - дейді Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры, өнертану докторы Азатгүл Ташматова.
Фестивальге келген түркітілдес халық өкілдері ұрпақ болашағы үшін ұлттық аспаптарды насихаттап, жаңғыртудың маңызы зор екенін айтады. "Әлем әуені" халықаралық өнер фестивалінің музыкалық шеберлерінің басын қосқан шеберлік сағатына келгендер тек тәжірибе алмасып қана қоймай, бауырлас халықтар арасындағы рухани үндестікті сезініп қайтты.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді