Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрі соншалық нашар ма": "Не молчи" қоры шымкенттік жігіт алып қашқан қыздың арызын полицейлер қабылдамай жатқанын айтты

"Не молчи" қоры шымкенттік 20 жастағы қызды алып қашу оқиғасына қатысты мән-жайды айтып берді. Қордың мәліметінше, болған оқиғадан кейін жігіттің ата-анасы қыздың ата-анасына ұлдарының үйлену ниеті туралы хабарлаған. Қыздың отбасы оған келіскен. Алайда бойжеткен құрбыларына өзін алып кетуді өтініп хат жазған. Сондай-ақ полицияның арызын қабылдамай жатқанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Шымкент полиция департаменті

Желіде тараған ақпарат бойынша қыз өзін алып қашқан адамның зорлағанын айтқан. Бірақ кейін полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Сонымен қатар жәбірленушінің құрбысына жалған ақпарат таратты деп іс қозғалды. 

“Не молчи” қоры полиция департаментіндегілердің қызға қысым жасап, арызын қабылдамай жатқанын айтты.

"Апай арызды алмай жатыр. Олар "Қала алмайсың ба?", "Түрі соншалық нашар ма?" деген. Апай, сұмдық... Мұндағы "дежурныйлардың" өзі бастарын алып қашып отыр. Сіз айтқандай, қызды арыз жазғысып, тез алып кетемін. Мұнда қыздың әкесі мен анасы келді. Қызды алып қашқан жұрты да келіп тұр. Қыздың арызын әлі қабылдамай жатыр екен. Құрбымда ұялы телефоны бар. Іштен "арызымды қабылдамай отыр" деп жазып отыр. Оның ата-анасына психологиялық қысым жасамақ", – деп "Не молчи қоры" қыздың құрбысының жазбасын жіберді.

Фото жазбадан скриншот жасалған

Қордағылардың айтуынша, полиция бөлімшесіне заңгер барып, құрбысы мен жәбірленушіге өз еркімен көмекке келген.

"Құрбым екеуміз әкімшілік құқық бұзушылықпен келіспейміз деп арыз жаздық", – деді қыздың құрбысы.

Дина Таңсәрінің айтуынша, жігіттің үйінде қызды 6 күн ұстаған. Бұдан кейін бөлімшеге барғанда қызды ата-анасымен “бәрі жақсы секілді кейіп танытып” суретке түсіруге мәжбүрлеген. 

"Қызды зорлаған жігітпен фотоға түсіруге мәжбүрлеген. Себебі олар екі жастың қосылғанына қуанып тұрған сыңай таныту керек. "Ұят" деген сөз үшін қызын зорлаушыға күйеуге беруге дайын ата-аналардың іс-әрекеті таңғалдырып отыр. Полицейлер өтінішімізге қысқаша жауап берді. Бірақ қылмыстық іс қозғалды ма деген сұрақ мүлде жауапсыз қалды. Ал адвокаттар қыздың арызы болмаса,  қандай да бір шара қолдану қиын екенін айтты", - деді Дина Таңсәрі.

Ал полиция қыз зорлау фактісін жоққа шығарды.

“Қыз жігіттің үйінде бір апта тұрғанын және одан әрі бірге өмір сүруден бас тартып, кетіп қалғанын, сондай-ақ қазіргі таңда ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін жеткізді. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету туралы ақпаратты толығымен жоққа шығарды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан азаматшаға қатысты әкімшілік шара қабылданды”, – деді полиция. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде "Не молчи" қоры шымкенттік ер адам 20 жастағы бойжеткенді алып қашып, тұрмысқа шығуға келіспеген соң зорлағанын мәлімдеді. Қордың айтуынша, полиция қыздың ата-анасы шешуі керек деп есептейді екен. Алайда қыз күштеп тұрмысқа шығуға қарсы және қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.

Айта кетсек, Шымкент полициясы қыздың құрбысын жалған ақпарат таратты деп жауапқа тартқан болатын. 

“Өз жауабында азаматша аталған ақпаратты жоққа шығарып, жігіттің үйінде бір апта тұрғанын және одан әрі бірге өмір сүруден бас тартып, кетіп қалғанын айтты. Сондай-ақ қазір ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін жеткізді. Жыныстық зорлық-зомбылық көрсету туралы ақпаратты толығымен жоққа шығарды. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан азаматшаға қатысты әкімшілік шара қабылданды”, – деді Шымкент полициясы.

Талқылау