"291 миллион теңге негізсіз жұмсалды": Депутат жаңа кодексті жасау кезінде қаржы жымқырылғанын айтты
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексін әзірлеуге жұмсалған 291 миллион теңгені қайтарып, кінәлілерді жауапқа тарту керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Мәжілісмен премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында 382 миллион теңге жұмсалған Құрылыс кодексі жобасының сапасыз екенін, мәжіліс депутаттары жарты жылдан бері оны пысықтап, түзетуге мәжбүр болғанын айтты.
Мәжілісменнің айтуынша, Құрылыс кодексінің 98-99%-ы қолданыстағы заңдардан тұрады және жаңа ештеңе жоқ.
"Қомақты қаржының бөлінуі де тиімді құжатты әзірлеуге көмектеспеді. Құрылыс кодексінің түпнұсқалығы 5 %-дан аспайды. Депутаттар мұндай сапасыз жобаға бюджет қаражатын жұмсау бойынша сауалдар жолдады. Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жүгіндік. Мемлекеттік аудит нәтижесі бізді таңқалдырды”, – деді Бақытжан Базарбек.
Депутат Индустрия және құрылыс министрлігі мен "ҚазҚСҒЗИ" Қазақ құрылыс ғылыми-зерттеу және жобалау институты арасындағы келісімдер негізсіз жасалған дейді.
"Бюджет кодексін бұза отырып, бюджеттік өтінімде қамтылған мәліметтер мен есептеулердің толықтығы мен сенімділігі қамтамасыз етілмеді. Бұл жалпы сомасы 291 миллион теңге бюджет қаражатын негізсіз жоспарлауға әкелді", – деді мәжілісмен.
Депутаттың айтуынша, Құрылыс кодексін әзірлеуге кеткен шығын асыра көрсетілген. Ол ақша мемлекет қазынасына қайтарылмаған және сотқа дейінгі тергеу жүргізілмеген деп айтты.
"Бір топ адамдардың алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлауы анық байқалады. Құрылыс кодексінің жобасын таныстыру кезінде мен оның сапасын курстық жұмыспен салыстырдым. Процессуалдық шешім қабылдау үшін бас прокуратураға беруді сұраймын", – деді депутат.
Айта кетсек, бұған дейін ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жаңа салық кодексі 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданып, 2026 жылдың қаңтарына дейін күшіне енетінін айтқан еді.