"Көлігіне отырған": Талғарда төрт ер адам кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінді
Алматы облысы Талғар ауданында полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлады деген төрт күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos
Полиция кәмелетке толмаған баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер төрт күдіктіні де анықтап, ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады.
"Қазір қылмыстың барлық мән-жайларын объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Жантүршігерлік қылмыс туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады. Тергеу барысында қазан айының ортасында Тұздыбастау ауылында төрт жігіт кәмелетке толмаған қызға қорлық көрсеткен. Полицейлердің айтуынша, күдіктілердің бірі жәбірленушімен бұрын таныс болған, мүмкін онымен дос та болған.
"Бойжеткен жаттығу залынан шыққанда оны үйіне апаруды ұсынған көрінеді. Қыз ешнәрседен күдіктенбей, көлікке отыруға келіскен. Ол жерде тағы үш жігіт болған. Содан кейін 16 жастағы жәбірленушіні қаңырап тұрған бос жерге апарып, жігіттердің әрқайсысы онымен жыныстық қатынасқа түскен. Оның айғайлап, жылап жатқанына қарамастан, достары бастаған ісін аяқтаған. Қызды полицияға хабарлассаң, туыстарыңды өлтіреміз деп қорқытқан", – деп жазды журналист Козачков.
Қорқытуларға қарамастан полицияға арыз жазылды. Козачков күдіктінің үлкені 23 жаста, кішісі 18 жаста екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда тергеу изоляторынан қашып кеткен ер адам жиен қарындасын зорлады деген күдікке ілінгенін жаздық. 26 жастағы жігіт жиен қарындасын зорлады деген айыппен ұсталды. Күдікті Тереңқара ауылында тұрған. Туыстары ешқандай пікір білдірмеді. Көршілерінің айтуынша, түрмеден қашқан азамат бұған дейін жазаға тартылған. Ол анасымен бірге тұратын. Жақында анасы 8-сыныпта оқитын жиенін өз қолына асырауға алған. Қыздың зорланғанын алдымен мектептің мұғалімдері білген.