"Туыстарына хабар бермеген": Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті құзырлы орган өкілдері әскерге күштеп алып кеткен
Фото: Stan.kz/AI Copilot арқылы жасалды
Алматы облысы Абай ауылында әскери комиссариат қызметкерлері полициямен бірлесіп, Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті ұстап, әскерге әкеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды әпкесі Threads әлеуметтік желісінде баяндады.
Оның айтуынша, інісі Foundation бағдарламасын аяқтаған, алғашқы жарнаны төлем, университеттен ресми шақыру алған. Алайда жігіт әскерге шақырусыз және хабарламасыз ұсталған.
"Олар оны шақырусыз, Назарбаев университетіне оқуға түскеніне қарамастан алып кетті. Юіз оның қайда апарылғанын да білмедік", – деп жазды ол.
Отбасы бірнеше күннен бері оның қайда екені туралы мәлімет ала алмаған. Жігіт 4 маусым күні кешке ұсталып, одан кейін байланысқа шықпаған.
"Егер оны әскерилер емес, басқа біреу алып кеткен болса, біз оны ұрлықдеп есептер едік. Тіпті қылмыскерлердің де адвокат немесе туыстарын шақыруға құқығы бар. Қарапайым жігітті түнде ұстап әкетіп, туыстарымен хабарластырмай, қайда апарғаны туралы ештеңе айтпаса, бұл нағыз заңсыздық”, – дейді әпкесі.
Ал әскери комиссариат, полиция, прокуратура жігіттің туыстарының өтінішін елемеген. Оның қайда екенін бөлімшеге барған соң бір-ақ айтыпты.
Аталған жағдайға қарамастан 6 маусымда Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтарды мәжбүрлеп әскерге әкетуге қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, егер шақыру қағазы жеке жеткізілмесе, азамат жалтарса немесе тіркелген жерінде тұрмаса, мәжбүрлеп жеткізу жағдайлары орынды екенін айтты.
"Көбінесе бұл көптеген азаматтардың тіркелген жерінде тұрмауы немесе нақты мекенжайы бойынша тіркелмеуі салдарынан болады. Шақыру қағазын өз бетінше тапсыру мүмкін болмаған жағдайда әскерге шақырылушының келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі. Сонымен қатар кей азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатыр. Бұл оларды әскерге шақыру учаскесіне мәжбүрлеп жеткізуге әкеп соғады", – делінген хабарламада.
Министрліктегілер шақыру комиссиясының қызметкерлері азаматтың әскерге жарамды немесе жарамсыз екенін комиссариатта шешетінін айтты. Егер негіз болмаса, үйіне жіберіледі дейді. Сондай-ақ министрлік әскерге шақырудан жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Азаматтарды жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырды.
Нұрсұлтан Табынбайдың әпкесінің айтуынша, әскери комиссариат университеттен ресми шақыру қағазы болғанымен, оның студенттік мәртебесі туралы мәліметтер базасында деректер жоқ деп жауап берген. Сондай-ақ ол інісінің оқуға түсу үшін бірнеше жыл дайындалғанын айтты.
"Біз әскерге қарсы емеспіз. Біз заңсыздық пен жас жігіттердің болашағын талқандауға қарсымыз", – деп жазды ол президенттің, үкіметтің және Қорғаныс министрлігінің ресми аккаунттарына жолдаған үндеуінде.
Алайда әзірге Назарбаев Университетінен ресми жауап жоқ. Дегенмен әлеуметтік желіде әскери бөлімдердің бірінде қызмет етіп жүрген жігіттің суреті пайда болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда жігітті әскери комиссариатқа күштеп әкеткендерге қатысты полиция тергеу бастағаны туралы жазған едік.