Алматы 5 аймаққа бөлінеді: Полиорталықтар қайда құрылады, онда қандай нысандар орналасады
Фото: Stan.kz
Алматы әкімдігі шаһарда бес негізгі полиорталық құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Алматыбасжоспар" мекемесі қалада бес негізгі полиорталық – заманауи қоғамдық-іскерлік кластерлерді қалыптастыру жобасын ұсынды. Бұл бастама іскерлік белсенділікті қайта бөлуге, қаланың орталық аудандарына түсетін жүктемені азайтуға және мегаполис аясында өсудің толыққанды нүктелерін құруға бағытталған.
Аталған шаралар Алматыны дамыту бағдарламасы мен 2040 жылға дейінгі бас жоспар аясында жүзеге асырылады. Қала моноорталықты даму үлгісінен полиорталықты жүйеге көшуге бет бұрмақ.
Алматыда бес негізгі полиорталық құрылады:
"Солтүстік" полиорталығы Алматы-1 теміржол станциясы маңында құрылады. Мұнда қызмет көрсету саласын дамыту жоспарланған. Ғимараттардың бірінші қабаттары шағын бизнеске жалға беріледі. Сонымен қатар Үлкен Алматы каналы мен Баум тоғайы бойында скверлер мен демалыс орындары қарастырылған.
"Батыс" полиорталығы жаңа Алматы-3 теміржол вокзалы мен Боралдай кентіндегі көлік хабы аумағында орналасады. Бұл жерде этнографиялық "Сақ қорғандары" паркі айналасында барлық қажетті инфрақұрылым тартылады. 90 гектар аумақты қамтитын желілік рекреациялық саябақ, жаңа көпсалалы аурухана кешені және басқа да нысандар салу жоспарланып отыр.
"Оңтүстік-батыс" полиорталығы Райымбек даңғылы мен Алатау көшесі (жоспарланған жаңа көше) қиылысында орналасады. Бұл аймақта өндірістік мини-парктер, сауда және логистикалық нысандар, әкімшілік-іскерлік орталықтар орналастырылмақ.
"Тарихи орталық" — Медеу ауданының бір бөлігі, яғни "алтын шаршы" деп аталатын аймақ: Байтұрсынов көшесі – Абай даңғылы – Зенков көшесі – Жібек Жолы көшесі шекарасында орналасқан. Бұл аумақта өндірістік кәсіпорындар қарастырылмаған. Тарихи және мәдени маңызы бар ғимараттар қайта жөнделіп, қалпына келтіріледі.
"Шығыс қақпа" полиорталығы — Талғар және Құлжа тас жолдарының қиылысындағы аумақ. Бұл жерде Алматының логистикалық хабы орналаспақ.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
