"Туған күнімді үкімет жасап береді": Наурызды ерекше атап өтетін қазақстандықтар қызық оқиғаларын бөлісті

Наурыз Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі атап өтіледі. Біреулер үшін бұл мереке Наурыз көже мен ұлттық тағамдарымен ерекше болса, біреулер үшін одан да терең мәнге ие. Бұл күнді өзгелерден ерекше атап өтетіндер де бар. Stan.kz тілшісі сондай жандармен сұхбаттасып көрді.
“Есімім Наурыз, 22 наурыз туған күнім”
Бұл Жамбыл облысы Шу ауданы Жаңақоғам ауылның тұрғыны, 33 жастағы – Наурыз Сағатбек. 22 наурызда дүниеге келген оған есімін атасы таңдап қойыпты.
Фото: Наурыз Сағатбектің жеке архиві
“Өзім 1992 жылы туғанмын. Міне осы наурызда 34-ке толамын. Баршамызға белгілі көпке дейін елімізде Наурыз мейрамы аса тойланбады. Мен туғанда ауылымызда алғаш рет осы мерекені үлкен көлемде атап өткен. Соның құрметіне марқұм атам маған Наурыз деген есім берген.
Бұл мереке мен үшін ерекше. Себебі туған күніммен тұспа тұс келеді. Өзім ауыл әкімшілігінде жұмыс істеймін. Осындай қызметте жүргеніме 10 жылдай уақыт болып қалды. Үш балам: екі қыз, бір ұлым бар. Көбіне туған күнім мен мейрам жақындағанда уақытты қарбаласпен өткіземін. Әкімшілік болған соң, әсіресе Наурызды ауыл халқына ұйымдастыру міндеті жүктеледі. Мәселен ертең Наурыз мерекесі болса, мен оның алдында көше тазалығын қарап жүремін. Құрдастарым туған күніңді жасамайсың ба десе “міне,туған күнімді үкімет жасап беруде. Қараңдар ат шаптырып, бәйге беріп жатыр деп” қалжыңдап мақтанып қоямын”, – деді ол.
Наурыздың айтынша, туған күнінің наурызда, дәл мереке күнімен тұспа түс болғаны ұнамаған сәттері де болған екен.
“Бала кезім мен жасөспірім шақта Наурызда туған күнім ұмытылып кетеді деп ренжитінмін. Мектеп кезінде басқа оқушылардың туған күнінде, құттықтап, кішігірім тойлап жататын. Ал менікіне келгенде әрқашан демалысқа түсіп қалатын. Қазір де ештеңе өзгермеді. Әдетте әріптестердің арасында туған күн болған кезде бәрі құттықтап тортпен, сыйлықпен барып жұмыста кішігірім тойлатып жатады. Ал менің туған күнімде барлығы демалысқа кетеді. Дегенмен қазір есейген соң, туған күнімнің керісінше, өте керемет датамен тұспа тұс келгенін ұққандаймын”, – деп қосты ол.
Азамат өз есімінің ерекшелігін де атап өтті. Айтуынша, көктемнің алғашқы айының есіміне берілуі өзі үшін үлкен мәртебе.
“Балаларым кішкентай ғой, мереке туралы ақпарат естіген сайын маған “сіздің атыңызды айтып жатыр” дейді. Көбіне бұл мереке қарсаңында туғандарға Наурызбек, Наурызбай деген есім беріп жатады ғой. Ал менікі еш жалғаусыз Наурыз деп қойған. Кей адамдар таңғалып та жатады есіміме. Бір жағынан ерекше атыммен мақтанамын. Ауылымда Наурыз деген жалғыз есім менде ғана бар. Ғаламтордан да ақпарат қарағанымда менің Наурыз есімім Қазақстан бойынша 6-7 адамда бар екен. Әкем шаруа қожалығын да Наурыз деп атаған. Есімім сирек болғандықтан кез келген ортада тез жаттап қалады. Наурыз айы біткенде кейбір адамдар қалжыңдап “Наурыз қайда кетіп бара жатсың” дейді, ал күн суығанда қаңтар, ақпан айларында “Наурыз сен қашан келесің, қашан күн жылиды” деп әзілдейді”, – деді ол.
Наурыз үшін бұл күн жай ғана мереке емес, күн мен түннің теңескен сәтінде жаңа жасына аяқ басатын кез.
“22 күні түске дейін отбасымызбен ауылдағы наурызға барамыз. Әулетіміз үлкен, атамның 15 баласы бар. Көзі тірісінде 56 немересі болған. Бәрібіміз бір команда болып арқан тартысқа қатысамыз. Құрдастарымызбен асық ату, ләңгі тебу ойындарын ойнаймыз. Осылай балалық шақты еске аламыз.
Ал түстен кейін үйде наурыз көжемізді дайындап, дастархан жайып отырамыз. Көрші, достар мен ағайын-туыстар менің туған күнімді де ұмытпай құттықтап келіп жатады. Солармен бас қосып, қызықты әңгімелер айтып, жақсы отырыс жасаймыз. Мен үшін туған күнім де Наурыз мерекесі де өте ерекше мәнге ие”, – деп қорытты ол.
“Биыл 1993-94 жылы туғандар ұйымдастырады: Наурыз тойлауда ерекше әдет қалыптастырған ауыл”
Наурызды ерекше атап өтетіндер қатарында Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Таңатар ауылының тұрғындары да бар. 47 жастағы ауыл тұрғыны Данабек Тұрдалиевтің айтуынша, аймақта мерекені ұйымдастырудың да ерекше тарихы бар.
Фото: Данабек Тұрдалиев
“Ауылымызда шағын 150-ден астам үй бар. Ауылымызда Наурыз мерекесі жылда өзгелерден ерекше ұйымдастырылады. Оны тойлау тоқырау кездерінен бастау алған. Нақтырақ айтқанда, шамамен 1993 жылдары ауылда 1958-59 жылы туған ағаларымыз бірігіп, өз күштерімен мерекені ұйымдастырып бастаған. Қазан асып, дастархан жайып қолда бармен ауылды жинап бірге атап өткен. Міне осы кезеңнен бастап олар келесі жылғы ұйымдастыру міндетін өздерінен кіші буынға аманаттаған. Бұл іс қазір ауылда әдетке айналған. Әр жылда әр жылы туған жастар, құрдас-қатарлас болып жиналып, түрлі деңгейде шаралар ұйымдастырады”, – деп түсіндірді азамат.
Данабек Тұрдалиев мерекені ұйымдастыру да үлкен жігер мен қаражатты қажет ететінін алға тартты. Алайда соған қарамастан ауыл жастары әр жыл сайын бұл міндетті жақсы атқарады екен.
“Қазір Наурыз мерекесі ауылда түрленіп өтеді. Арқан тарту, қол күрес, қап көтеру, сондай-ақ бұрын жасөспірімдер күрессе, қазір әйелдерді де қосады. Заманауи батуттарды да әкеліп қояды. Мұның бәрі қаражатты талап етеді. Қазір тегін ештеңе жоқ қой. Алайда осы күні мерекелік Наурыз көже мен дәмдер біздің ауылда тегін беріледі. Ауыл азаматтары өздері қаражат жинап, әр жыл сайын кезекпен ұйымдастырады. Жастар өз кезегінің қашан келетінін шамамен біліп дайындалып отырады. Өйткені бұл үрдісті олардың әкелері, ағалары орындап аманат еткен”, – деп қосты ол.
Наурыздың жақсы қызық өтетіні соншалық, бұл ауыл азаматтарының тойлауға ынтасын арттырады екен.
“Өз кезегіміз жеткенде біз де өткізгенбіз. Төрт қазан палау басып, мыңнан астам адам келді. Арасында шағындау көкпар ойыны да болды. Тай жарысы та ұйымдастырдық. Одан орын алғандарға да сыйлықтар табысталады. Биыл 1993-94 жылы туған жастар ұйымдастырады.
Жалпы жылда байқаймыз, аудан орталығында мекемелерде, ұйымдарда 20-21 наурыз күні атап өтіледі де, 22-сі күні көбі демалысқа кетеді. Ал біз аудан орталығына жақын орналасқандықтан ауыл жастары ұйымдастырған мерекеге барлық жақын аймақтардың тұрғындары келеді. Себебі 22-сі күні халыққа мереке керек. Мейрам 22-сі күні таңнан басталып, кешке дейін жалғасады. Жеңгелеріміз көжелерін дайындап әкеліп, тегін таратады. Бұл да адамдарға қуаныш сыйлайды. Ән күй ойындар, марапаттау болады. Жастар кешке кішігірім алтыбақан, ақсүйек ойындарын ұйымдастырады. Наурыз біз үшін жай мейрам емес, ерекше тойлау керек мереке. Бұл ауылымыздың бірлігінің де көрінісі деп айтар едім”, -деп қорытты ол.
“Әзірбайжан ұлтына тұрмысқа шыққаннан бері Наурызға деген ойым өзгерді”
41 жастағы Қарағанды қаласының тумасы Айгүл Баширова соңғы кезде Наурыз мейрамына деген ойы өзгергенін алға тартты. Айтуынша, бұл мейрамға деген қызығушылығы әзірбайжандық азаматқа тұрмысқа шыққан кезде артқан.
Фото: Айгүл Башированың жеке архиві
“Төрт балам бар. Астанада шамамен 20 жылдан бері тұрып келемін. Өзім Қарағандыда өскендіктен, бізде орта сәл орыстанған еді. Сондықтан Наурызды қатты тойламайтынбыз, көбіне Жаңа жылға мән берілетін. Алайда бұл мерекені тойлаудың керемет екенін тұрмысқа шыққан кезде ұға бастадым. Алғашқы жолдасым әзірбайжан ұлтынан болды.
Сол отбасына түскен кезде Наурыздың олар үшін ең басты мереке екенін көрдім. Олар бұл мерекені 20 наурыздан бастап тойлайды. Бұл күні түнде бүкіл отбасы болып жиналады. Дәстүр бойынша шам жағып, дастарханға тәттілер қояды. Солай бәрі бірге қарсы алады”, – деді ол.
Айгүл сонымен қатар бұл мерекеде барлық туысқандардың әйелдері бір үйге жиналатынын алға тартты.
“Әзірбайжан ұлтында қоғам сәл патриархалды. Әйелдер көбіне үйде болады. Наурыз қарсаңында барлық туыс әйелдер бір үйге жиналады. Бізде ол әдетте енемнің үйі болатын. Мен Наурыз сайын Ақтауға барып жүрдім. Сол жерде бәрі жиналып, түрлі ұлттық тәттілер дайындайды. Мысалы, пахлава, шекербура сияқты әзербайжан тәттілерін көптеп әзірлейді. Бұл процесс өте көңілді өтеді. Бәрі бірге жасап, кейін әр отбасы өз үлесін бөліп алып кетеді. Осындай дәстүр мен үшін үлкен жаңалық болды”, – деп қосты ол.
Астаналық қазір балаларының екі мәдениеттің ортасында өсіп жатқанын жеткізді. Алайда олар үшін Наурыз мерекесі өте ерекше мәнге ие екен.
“Бұрынғы жолдасыммен ажырассақ та, оның отбасымен араласамыз. Балаларым да сол жаққа барып тұрады. Қазір олар үшін Наурыз Жаңа жылдан да маңызды мерекеге айналып бара жатыр. Үлкен қызым 19-да, ұлым 16-да. Қызым үнемі: "Маған Наурыз көбірек ұнайды. Бұл – көктемнің, жаңа жылдың бастауы", – деп айтады. Осылайша менің де бұл мерекеге деген көзқарасым өзгерді”, – деп жеткізді ол.
Айгүлдің айтуынша, қазір Чехияда оқып жүрген қызы да Наурызды ұмытпаған. Тіпті шетелде жүрген қазақстандық студенттер жиналып, бауырсақ пісіріп, мерекені бірге атап өтеді екен. Айтуынша олар тіпті Жаңа жылды бұлай жиналып тойламайды.
“Наурыз сайын балаларыма ұлттық киім алып беремін. Кейде жалға аламын, кейде сатып аламын. Үйде дастархан жайып, мерекені атап өтеміз. Биыл біз мерекені үйде, шағын форматта қарсы аламыз. Әзірбайжан ұлттық тағамдарын дайындаймын. Сонымен қатар Наурыз көже де жасаймыз. Бұрын оны әжем дайындайтын, қазір ол кісі жоқ. Енді бұл дәстүрді енем жалғастырып жүр. Үлкен қазанмен пісіріп, барлық туысқа таратады. Жалпы, бұрын онша мән бермеген Наурыз енді отбасы болып жиналатын, ерекше жақсы көретін мерекеге айналды”, – деп қорытты ол.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған